Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,2%-ды құрады

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндады. 

Оның деректері бойынша осы жылы экономика бірқатар тежеуші факторлар жағдайында дамуда. 

  • Біріншіден, бұл мұнай өндірісінің азаюы және мұнай секторының жалпы ішкі өнімнің өсуіне теріс үлесі. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру 8,3%-ға қысқарып, 69,4 млн тоннаны құрады.

  • Екіншіден, теңгенің нығаюы экспортқа бағдарланған салалар мен бюджет кірістеріне тежегіш әсер етуде.

  • Үшіншіден, тұтынушылық кредиттеу өсуінің баяулауы тұтынушылық сұранысты тежеуде.

Жылдық мәнде тұтынушылық кредиттердің өсуі 2025 жылғы тамыздағы 26,4%-дан осы жылғы тамызда 10,4%-ға дейін төмендеді. Аталған факторларға қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамика көрсетуде. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады.  Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. 

Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтерінде де оң динамика сақталуда. Көрсеткіштердің динамикасы экономика құрылымының біртіндеп өзгеріп жатқанын көрсетеді. 

«Экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандырудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарды. Осы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға дейін ұлғайды, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ды құрады. Инвестициялар өсудің драйвері болып қала беруде. Осы жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға инвестициялар 16,1 трлн теңгені құрап, 7%-ға өсті.  Ерекшелігі – инвестициялар өсуінің негізгі факторы жеке инвестициялар болып табылады, олар 18,2%-ға ұлғайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин. 

Инвестициялардың неғұрлым елеулі өсуі келесі салаларда байқалды: 

  • өңдеу өнеркәсібінде – 40,1%-ға;

  • құрылыста – 32%-ға; 

  • ақпарат және байланыста – 29,2%-ға; 

  • денсаулық сақтауда – 20,4%-ға; 

  • ауыл шаруашылығында – 9,1%-ға. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың құрылымы өзгеруде. Жеке инвестициялардың үлесі 85,7%-ды құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $9,4 млрд-ты құрады.

Осы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экспорттың озық өсуі аясында сауда балансының ұлғаюы есебінен төлем балансының ағымдағы шоты $2,4 млрд көлемінде профицитпен қалыптасты. Сауда балансының профициті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсіп, $16,2 млрд-ты құрады. Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда балансы $17,8 млрд-қа дейін жақсарды. Тауарлар экспорты $60,4 млрд-ты құрады. 

«Тауарлар импорты $42,6 млрд. Жоғары экономикалық белсенділік аясында аралық тауарлардың импорты 13,8%-ға және инвестициялық тауарлардың импорты 7,9%-ға өскенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының импорты 11,2%-ға қысқарды. Сауда балансының оң динамикасы төлем балансының ағымдағы шотының жай-күйін жақсартуға және бюджет тапшылығын азайтуға алғышарттар жасайды. Өсудің негізгі драйверлерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болып қала беруде. Өндірістің өсуі 8,6%-ды құрады, бұл осы жылғы қаңтар-тамыздағы көрсеткіштен 0,2 пайыздық тармаққа жоғары», — деп атап өтті вице-премьер.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу: 

  • машина жасаудағы өндірістің 22,8%-ға; 

  • автомобиль жасауда – 29,9%-ға; 

  • электр жабдықтарын өндіруде – 20,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар: 

  • Азық-түлік өндірісі 13,8%-ға; 

  • дайын металл бұйымдары – 34,8%-ға; 

  • фармацевтикалық өнімдер – 30,9%-ға; 

  • химия өнеркәсібінде – 23,4%-ға; 

  • резеңке және пластмасса бұйымдары – 18,1%-ға; 

  • құрылыс материалдары – 5,9%-ға өсті. 

Металлургияның нақты көлем индексі қаңтар-тамыздағы 97,3%-дан 98,2%-ға дейін өсті. Бұл ретте қара металлургияда өсу оң аймақта бекітіліп, 2,8%-ды құрады. Оң динамикаға шығу үшін тау-кен металлургия кешенінің ірі отандық кәсіпорындарын шикізатпен және олардың өндірістік жүктелуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар әзірленіп, қабылдануда. Экономикалық өсудің белсенді саясаты жалғасуда. Басымдық берілетін салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне 540 млрд теңге бөлінді. Холдинг нарықтық қаржыландыруды тарту есебінен 6 трлн теңгеге жобаларды қаржыландырды. 

Ең маңызды жобалардың қатарында: 

  • калий тыңайтқыштарын өндіру зауытын салу; 

  • азот тыңайтқыштарын өндіру зауытын салу; 

  • алюминий рулонын өндіру зауытының құрылысы;

  • астықты кешенді өңдеу зауытын салу; 

  • кірпіш зауытының құрылысы.

Тау-кен өнеркәсібінің нақты көлем индексі 95,7%-ды құрады. Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 69,4 млн тонна мұнай өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,3 млн тоннаға немесе 8,3%-ға төмен. Газ өндірудің нақты көлем индексі 91,9%-ды құрады. Басқа пайдалы қазбаларды өндіру 12,7%-ға, көмір өндіру – 6,6%-ға, металл кендерін өндіру – 1,6%-ға ұлғайды. Құрылыс жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсті. 

Өсу 17 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары өсу: 

  • Ұлытау;

  • Қызылорда; 

  • Атырау; 

  • Павлодар облыстарында;

  • Шымкент қаласында байқалды. 

Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі:

  • Жетісу;

  • Қарағанды; 

  • Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. 

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 2,7%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Алматы, Маңғыста, Павлодар және Жетісу облыстарында байқалды.

«Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешен экономика драйверлерінің біріне айналуда. Ауыл шаруашылығындағы өсу ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің күшеюімен қатар жүруде. Ауыл шаруашылығындағы өндірістің өсуі осы жылғы қаңтар-тамыздағы 5,2%-дан 5,8%-ға дейін жеделдеді. Биыл жалпы егін жинау алаңы 24,2 млн гектарға дейін жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың гектарға артық.  Жыл басынан бері 23 млн тонна астық және 3,7 млн тонна майлы дақылдар жиналды. Бұл ретте дәнді дақылдардың ауданы 420 мыңға 15,6 млн гектарға дейін, ал майлы дақылдар 1,2 млн-ға 5,2 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Экспорт көлемі өсуде және шетелге жеткізілетін өнім номенклатурасы кеңеюде. Осы жылғы қаңтар-шілденің қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты $4,9 млрд-ты құрады. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 33%-ға жоғары», — деп атап өтті вице-премьер.

Сонымен қатар Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны төмендету бойынша шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Қабылданған шаралардың әсерінен инфляция біртіндеп баяулауды жалғастыруда.  Жылдық инфляция осы жылғы тамыздағы 9,8%-дан қыркүйектің қорытындысы бойынша 9,3%-ға дейін баяулады. Инфляцияның баяулауына негізгі үлесті азық-түлік тауарларына баға өсу қарқынының төмендеуі қосты. Қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы айлық мәнде 0,1%-ға төмендеді. Инфляцияны тежеу – Үкіметтің халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі жұмысының бір бағыты болып саналады. Инфляцияның баяулауы аясында осы жылдың екінші тоқсанында халықтың нақты ақшалай табысы бірінші тоқсандағы 0,1%-дан 0,7%-ға дейін өсті.

Салық реформасы бюджеттің кіріс базасын нығайтудың негізгі факторына айналып, ағымдағы сын-қатерлер жағдайында да түсімдердің елеулі өсімін қамтамасыз етті. Нәтижелер қабылданған шаралардың фискалдық тиімділігінің жоғары екенін және мемлекеттік қаржы тұрақтылығының артқанын көрсетуде. Осы жылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 19,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға ұлғайды. Өсудің негізгі драйвері қосымша құн салығы болды, ол бойынша түсімдер 37,3%-ға өсті, оның ішінде ішкі өндіріс тауарлары бойынша – 54,1%-ға, импорт бойынша – 24,9%-ға. Елдегі кәсіпкерлік қызмет оң динамиканы сақтауда, сондай-ақ сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге тұрақтылық көрсетуде. Бизнестің құрылымдық қайта құрылуы байқалуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескергенде кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жетті. Сондай-ақ жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің – қосымша құн салығын төлеушілердің саны 28%-ға өсті. Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуы үшін жағдайлар жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде 981 мың адам тіркелді, олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрды. 2026 жылғы тоғыз айда 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 34,7 мың заңды тұлға және 242,3 мың жеке кәсіпкер. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға және 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды. 

Бұл ретте жеке кәсіпкерді тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтауын білдірмейді. Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен. Осылайша, бизнес құрылымын сауықтыру және кәсіпкерлердің неғұрлым қолайлы салық режимдеріне көшуі жүріп жатыр. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда. Инфрақұрылымды салуға және нақты секторды қолдауға бөлінген бюджет қаражатын уақтылы және толық игеруге ерекше назар аударылатын болады. Өсуді қамтамасыз етудің маңызды факторы өңдеу өнеркәсібіндегі жоспарланған инвестициялық жобалардың уақтылы аяқталып, осы жылдың соңына дейін іске қосылуы болуға тиіс. 

Осымен қатар Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады.  

#Президенттің тапсырмасы #Серік Жұманғарин #Экономика #Үкімет отырысы #ӘЭД

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу