14 Шілде 2026, 11:55
ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында көлік саласының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндады.
Ол көлік саласы тұрақты өсімді көрсетіп отырғанын және экономиканың қозғаушы күштерінің бірі екенін атап өтті.
«Соңғы 5 жылда көлік саласының жалпы өнімі 3 есе өсті. Биылғы жылы көрсеткішті 14,3 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Авиация саласында жалпы өнім 6,5 есеге өсті. Жылдың аяғында 1,3 трлн теңгеге жетеді. Әуежай инфрақұрылымына келетін болсақ, алдағы үш жылдың ішінде олардың модернизациясын жасаймыз. Ірі аэропорттармен қатар өңірлік шағын аэропорттарға да ерекше көңіл бөлінуде. Теміржол саласының өсімі 3,4 есеге артады. Бұл көрсеткіш жылдың соңында 3,3 трлн теңгені құрайды. Теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып, 3 мың шақырым жолдың модернизациясы бітіп жатыр. Осы жылы “Мойынты – Қызылжар”, “Дарбаза – Мақтаарал” теміржол желісінің құрылысын аяқтаймыз», — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен бірге ол бірқатар жаңа жобаға жүзеге асып жатқанын айтты, оның ішінде Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Және Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Министр қосымша Индербор – Орал және Қарағанды – Қарағайлы жобаларының дайындық жұмыстарына кірісіп жатқандарын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік ең ауқымды «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Сонымен қатар автомобиль транзитінде оң динамика байқалуда 2020 жылдан бері бұл көрсеткіш 3 есеге өскен.
«Автомобиль тасымалы саласының әлеуетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр: республикалық видеомониторинг жүйесін енгізу, цифрландыру, пилотсыз көліктер. Қазіргі таңда халықаралық деңгейде стратегиялық көлік байланысын қамтамасыз ететін 7 автожол дәлізі бар. 2029 жылға дейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Көлік саласында цифрландыру жүзеге асырылуда. Барлық цифрлық шешімдер «е-Көлік» ұлттық көлік жүйесіне енгізілді. Бұл жасанды интеллектті енгізіп, көлік желісін тиімді жұмысына жол ашты. Жалпы, бұл шаралар шекарадан өту уақытын қысқартып, толық электронды құжат айналымына көшуге бағытталған», — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Министрлік еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында барлық көлік түрлері бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Одан түсетін табыс көлемі 3 трлн теңге болады. Осылайша транзит еліміздің стратегиялық активіне айналады.
#Автожолдар #Азаматтық авиация #Көлік #Логистика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу