ҚР экономикасындағы құрылымдық өзгерістер жаһандық сын-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді – К.Мәсімов
Бүгін Астанада Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар басшыларының Астана экономикалық форумының делегаттарымен кездесуіне қатысты.
Іс-шараға ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев, «Polpharma» қадағалау кеңесінің президенті Ежи Старак, Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Греф, ExxonMobil Development Company компаниясының президенті Нэйл Дуффин және басқалары қатысты.
Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру барысын, сондай-ақ Астана Халықаралық қаржы орталығын іске қосқан соң ашылатын жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді талқылады.
Шетел компанияларының өкілдері біздің елдің айтарлықтай іскерлік әлеуетін айтып өтті. Сонымен, Г.Грефтің пікірінше, «Қазақстан, бәлкім, инвестициялауға ең жақсы жер болып табылады».
Шетелдік сарапшылар Қазақстанда жекешелендіру жүргізу бастамасын қолдап, халықаралық тәжірибені алға тартып, оның экономикалық және әлеуметтік салаларға жағымды әсерін айтып өтті.
Кездесу соңында Кәрім Мәсімов экономикада жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерістер Қазақстанға жаңа жаһандық сын-қатерлерге тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беретінін айтты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз