«Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» тасжолдарын реконструкциялауды сапалы аяқтау қажет – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың CITIC Construction компаниясының бірінші вице-президенті Ян Цзяньцянмен кездесуі барысында «Талдықорған – Өскемен» және «Қарағанды – Балқаш» республикалық автожолдарын күрделі жөндеу мәселелері талқыланды.

Үкімет басшысы аталған ірі жобалардың уақтылы аяқталуын және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Келесі маусымдағы жұмыстар үшін жол-құрылыс материалдарын, оның ішінде қиыршық тас пен битумды алдын ала дайындау қажет. Қосалқы мердігерлік ұйымдар да осындай жұмыс жүргізуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды қыста күтіп ұстау жұмыстарын бақылауға алу қажеттігіне де тоқталды. 

Кездесу барысында CITIC Construction компаниясының Қазақстан аумағындағы басқа да автожол жобаларына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ компанияның өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды іске қосу бастамалары талқыланды.

Орталық мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жобаларды пысықтауда қажетті қолдау көрсетілетіні атап өтілді.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Автожолдар #Инвестициялар

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу