Тасқын су көптен бері су келмеген аймақтарға бағытталып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді — Нұржан Нұржігітов

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Республиканың су қоймаларындағы жағдай туралы баяндап, көктемгі су тасқыны кезінде 12 млрд м3 астам су жинақталғанын атап өтті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің су саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Президент еріген сулардың жиналуын шаруаларды суармалы судың қосымша көлемімен қамтамасыз етудің негізгі жолдарының бірі ретінде атап, су тасқыны мәселесіне жеке тоқталған болатын.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов шиеленісті кезеңде су шаруашылығы нысандары суды қабылдауды және қауіпсіз ағызуды қамтамасыз еткенін атап өтті. Ол соңғы жылдары су тапшылығына ұшыраған нысандарға тасқын суларды жіберуге мүмкіндік бергенін жеткізді. 

«Жалпы, су тасқыны жағдайы тек жағымсыз салдарға ғана емес, сонымен қатар қазіргі уақытта экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын 12 млрд текше метрден астам суды су қоймаларда жинауға мүмкіндік берді. Мысалы, өткен жылы бүкіл су тасқыны кезеңінде су қоймаларынан жалпы су ағызу шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биылғы жылы бір айда 36 млрд текше метрден астамды құрады. Бұл ағымдағы су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді», — деді спикер. 

Мәселен, Қ. Сәтбаев атындағы канал арқылы сумен толтырылатын Астана су қоймасын тасқын сулармен толтыру 2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр тасқын су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Тарихта алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне су жеткізілді.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр су, оның ішінде су тасқыны кезінде 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне – 7,4 млрд текше метр су жіберілді.

«Сондай-ақ тасқын су көптен бері су келмеген жерлерге бағытталып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді. 2024 жылғы қыркүйек айының басындағы жедел деректерге сәйкес, су қоймалардан ауыл шаруашылығында 8,4 млрд текше метр, өнеркәсіпте 3,7 млрд текше метр су пайдаланылды. Қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс және батыс өңірлерінің су қоймалары 80%-ға толтырылды», —  деп атап өтті су ресурстары және ирригация министрі.

Болашақта тасқын суды жинауды және қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін көлемі 2,6 млрд текше метр құрайтын 42 жаңа су қоймасын салу, жалпы жобалық көлемі 3,7 млрд текше метр болатын 37 су қоймасын қайта құру, сондай-ақ шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық каналдар салу мен қайта құру жоспарланып отыр.

Министр аталған іс-шаралар Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделгенін, сондай-ақ биыл екі су қойманың құрылысы және үш су қоймасының қайта жөндеу жұмыстары басталғанын айтты.

Оның айтуынша, 580 мыңнан астам халқы бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп қорғау бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның тізбесі айқындалған.

Сондай-ақ белсенді су тасқыны өткен 34 гидротехникалық құрылыстарда Қазсушар филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады. 

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп су тасқынын болжау және модельдеу үшін flood.garysh ақпараттық жүйені құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл ІҮ тоқсанда оны іске қосу жоспарланып отыр. Ақпараттық жүйе стратегиялық шешімдер қабылдау үшін тиісті болжамдарды модельдеуге мүмкіндік береді. Яғни картада құзыретті органдар ұсынатын болжамды мәндерге сәйкес келетін ықтимал су тасқыны қаупі аймағын елестету мүмкіндігі қолжетімді болады», — деді министр. 

Сонымен қатар су ынтымақтастығы бойынша Қытай Халық Республикасының Су шаруашылығы министрлігімен су тасқыны мен су тасқынына қарсы күрес мәселелері қаралатын Су ресурстары саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланып отырғаны атап өтілді.

Жуырда өткен Ресей Федерациясымен кездесу қорытындысы бойынша су тасқыны мен су тасқыны кезеңінде тараптардың іс-қимылын үйлестіру үшін Қазақстан-Ресей трансшекаралық су ағындары бойынша бірыңғай жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

#Президенттің тапсырмасы #Су тасқыны #су ресурстары

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу