21 Қаңтар 2025, 13:58
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды. Қабылданып жатқан шаралар туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады.
Оның айтуынша, акция аясында 2024 жылы кешенді шаралар қабылданды, нәтижесінде 2019-2023 жылдары орта есеппен 62 экологиялық акция өткізілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 183-ке жетті. Мәселен, 2019-2023 жылдары оған 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналған, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 млн түп ағаш егілді.
Бұл көрсеткіштер «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жоғары деңгейде қолдау тауып, кең ауқымды және жемісті болып отырғанын көрсетеді. Өңірлерде келесі іс-шаралар өткізілді:
Барлық атқарылған жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік медиа арқылы кеңінен жарияланды.
2024 жылы маусым айында азаматтарды елді мекендер мен экология мәселелерін шешуге қатыстыру мақсатында @TazaQazBot ыңғайлы телеграмм-чат-боты арқылы өтініштерді қабылдау сервисі іске қосылды. Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін және жауапты орындаушыларды бекіту мақсатында 17 санат айқындалды.
Чат-бот ел тұрғындары арасына кеңінен таралған, 2025 жылғы 16 қаңтардағы жағдайды алсақ, барлығы 10 700-ге жуық өтініш түсіп, оның 9 700-ден астамы орындалды. Өтініштердің көбі «Аумақтарды тазалау», «Көшелерді абаттандыру», «Тұрмыстық қалдықтарды шығару» және «Жолдарды жөндеу» санаттары бойынша түскен. Өңірлер бөлінісінде ең көп өтініш Алматы, Астана қалаларынан және Түркістан облысынан түсті.
Спутниктік технологиялар қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды анықтау мен жоюдың тиімді құралы болып саналады. Стихиялық қоқыс үйінділерінің анықталғаны туралы «Қазақстан Ғарыш Сапары» деректері негізінде аумақтық Экология департаменттері әрбір жағдайды тіркеп, әкімдіктерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама береді, әкімдіктер тиісті шараларды қабылдамаған жағдайда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен 2024 жылы 164 лауазымды тұлға жалпы көлемі 9,4 млн теңгеге, оның ішінде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жылдары анықталған қоқыс үйінділерінің саны едәуір азайды. Мәселен, 2018 жылы 8,7 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 57%-ы тазартылса, 2024 жылы шамамен 4,8 мың қоқыс үйіндісі анықталып, оның 91%-ы жойылды.
Осыған байланысты экология және тибиғи ресурстар министрі Үкімет отырысында елді мекендердің қамтылу аймағын кеңейту және ғарыштық түсірілімдер жиілігін арттыру арқылы бұл жұмысты күшейтуді ұсынды.
Тұрғындардың қалдықтармен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырудағы маңызды элемент – тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Министрлік, әкімдіктер ұсынған, утильтөлемдер есебінен қаржыландырылатын 232 млрд теңгеге 94 жобадан тұратын пулын әзірледі. Қазіргі кезде мәлімделген 94 жобаның 45-і бағдарламаға қатысудан бас тартты. Министрдің айтуынша, әкімдіктер жобаларды толыққанды пысықтап, қалыптастыру кезінде қатысуға мүмкіндігі жоқ жобаларды алып тастағанда бұндай жағдай болмайтын еді. Мысалы осындай бас тартқан жобалардың ең көп саны Түркістан және Жетісу облыстарында байқалады.
«Сонымен қатар өңірлердің әкімдіктері жобаларды сүйемелдеу бойынша жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеген. Әрбір жобаны пысықтау барысында әкімдіктердің жанындағы құрылымдар қажетті деңгейде қолдаған жағдайда, құжаттарды тапсыру мерзімдерін және оларды келісу процесін айтарлықтай қысқартуға болар еді. Осыған байланысты әкімдіктерге жобаларды іске асырудың жолдарын қайта қарастыру қажет», — деді министр.
Сондай-ақ өткен жылдың наурыз айында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеудің қуатын арттыру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жобалардың қосымша пулын қалыптастыру жұмыстарын қатар жүргізіген. Нәтижесінде бүгінгі таңда Министрлік әкімдіктер ұсынған жалпы сомасы 307 млрд теңгеге 65 жобаны қарастырды (оның ішінде 252,5 млрд теңге утилтөлемдер есебінен), оның ішінде 41 жоба қалдықтарды қайта өңдеу бойынша.
Бүгінгі таңда:
- 5 жобаға Өнеркәсіпті дамыту қорына 3,5 млрд теңге бөлінді, ал жеке инвестицияларды қосқандағы жобалардың жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды;
- 60,9 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба (оның ішінде утилтөлемдер есебінен 51,7 млрд. теңге) Қордың II кезеңінде қаралуда;
- 241,1 млрд. теңге тұратын 49 жоба бойынша (оның ішінде утилтөлемдер есебінен 197,1 млрд теңге) инвесторлар құжаттарды Қордың ескертулеріне сәйкес пысықтауда.
Аталған жобалардың жалпы қуаты:
Осы жобалар іске асқан жағдайда 4,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және 54,6 млрд теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысындағы тағы бір негізгі бағыт жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау болып саналады. Мемлекет басшысының елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жыл сайын шамамен 3 млн түп ағаш егілді. Жалпы 2021-2024 жылдары 12 млн-нан астам ағаш отырғызылды.
«Мемлекет басшысының Арал теңізінің құрғаған түбінде 1,1 млн гектар алаңда сексеуіл екпелерін құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін 2021-2024 жылдары 475 мың гектарға, оның ішінде 2024 жылы – 127 мың гектар алаңда орман мелиорациялық жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға арналған жоспар 428 мың гектарды құрайды, оның 100 мың гектарын жергілікті атқарушы органдар және 328 мың гектарын Министрлік орындайтын болады», — деді Ерлан Нысанбаев.
Бүгінгі таңда Министрлік 148 мың гектар алаңда жұмыстарды жүргізу үшін КАТКО компаниясы тарапынан 2,2 млрд теңгеге қолдау тапты. Қалған 180 мың гектарды қамтуға бюджеттен тыс қаражат тарту жұмысы белсенді жүргізілетін болады.
Мемлекет басшысының 2027 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2021-2024 жылдары 1 145 млн дана көшет 736,8 мың гектарға, оның ішінде 2024 жылы 306 млн дана көшет 205,2 мың гектар алаңға отырғызылды. Министрдің мәліметінше, бұл ретте 2024 жылы жоспарлы көрсеткіштер Ақтөбе және Атырау облыстарында орындалмады. Осы жылдың жоспары – 336,5 млн дана көшетті 494 мың гектар алаңда отырғызу.
2024 жылы Министрлік Қызылорда, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында орман өсіру жұмыстарының сапасына тексеру жүргізіп, келесі бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады:
- орман дақылдары шығымдылығының төмендігі;
- агротехникалық іс-шараларды сақтамау;
- өңірге бейімделмеген екпелерді пайдалану.
Жалпы, ғылыми негізделген жобалардың сақталмағаны байқалады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін облыс әкімдіктеріне хаттар жолданды.
Биыл екпе жұмыстары Министрліктің аумақтық бөлімшелерінің, мамандандырылған және ғылыми ұйымдардың қатаң бақылауымен жүзеге асырылатын болады.
«2025 жылғы орман отырғызу жұмыстары қажетті екпелермен қамтамасыз етілген. Дегенмен кейбір өңірлерде жетіспеушілік бар. Ал Ұлытау және Павлодар облыстарында орман питомниктері мүлдем жоқ. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес осы жылы лизингтік қаржыландыру шеңберінде жабық тамыр жүйелі екпелерді өсіруді көбейту қарастырылуда. Әрқайсының қуаттылығы жылына 6 млн дана көшетті өсіретін, барлығы 6 орман питомнигін салу жоспарлануда. Сонымен қатар екпелердің тапшылығын жедел шешу үшін әкімдіктер жеке орман питомниктерінен сатып алу мүмкіндігін қарастыруы қажет», — деп атап өтті министр.
Жас ұрпақты табиғатқа ұқыпты қарауға және олардың экологиялық білімін арттыру мақсатында Министрлік 30 ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жанындағы 236 мектепте оқушылардың екпелерді контейнерлерде егу және өсіру жұмыстарын бастады. Бұл ретте оқушылармен 36,2 мың дана көшетті өсіруі жоспарлануда. Осы жылдың көктемінде екпе жұмыстарын жүргізу үшін мектептерге 20,6 мың дана көшет берілетін болады.
Елді мекендерде жасыл желектерді құруды жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жүзеге асыруы тиіс. Осыған байланысты әкімдіктер:
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шоғырланған бірегей табиғи объектілерді сақтау маңызды мәселе саналады. Ұлттық парктерге келушілердің саны жылдан жылға өскен сайын табиғи кешендерге антропогендік жүктеме арта түседі. Осыған байланысты Министрлік «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктерінде 2024 жылы «Таза туризм» бағдарламасын іске асырды, оның шеңберінде қалдықтарды бөлек жинауға арналған 3 фандомат, 26 контейнер және 6 урна орнатылды. Биыл аталған жұмыс, туристерге тартымды, 7 ұлттық паркте жалғастырылатын болады.
Халықтың экологиялық мәдениетін тиісті деңгейде қалыптастыру мақсатында 2024 жылғы қазан айының соңында экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы және оны іске асыру Жоспары бекітілді.
Сонымен қатар облыстық мәслихаттар көгалдандыру, эковолонтерлік, экологиялық конкурстар өткізу, сондай-ақ халықтың экологиялық білімі мен мәдениетін арттыру жөніндегі іс-шараларды қамтитын Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарларды бекітуі тиіс.
#Экология #Үкімет отырысы«Министрлік және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Тұжырымдаманы іске асыру мен Мемлекет басшысының бастамаларын сапалы орындау үшін қажетті шараларды қабылдайтын болады», — деп түйіндеді баяндамасын Ерлан Нысанбаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу