Азық-түлік тауарларының бағасы ағымдағы жылдың наурызында 12,7%-ға өсті - ҚР ҰЭМ

2016 жылғы наурызда азық-түлік тауарларының бағасы 2015 жылғы наурызбен салыстырғанда 12,7%-ға өсті, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті.

Сонымен, ведомствоның мәліметінше, 2016 жылғы наурызда 2015 жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға қантқа 41,8%, май және тоң майға – 24,5%, кофе, шай және какаоға – 23,3%, балық және теңіз өнімдеріне – 21,1%, нанға – 20,3%, кондитерлік өнімдерге – 18,5%, тоқаш және ұн өнімдеріне – 16,7%, жармаларға – 15,8%, жемістер мен көкөністерге – 15,1%, макарон өнімдеріне – 13,3%, алкогольді ішімдіктерге – 11,4%, ұнға – 9%, сүт өнімдеріне – 7,3%-ға өсті.

«Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 4,1%-ды құрады. Шұжық өнімдеріне баға деңгейі 9,7%, құс етіне – 6,8%, сиыр етіне – 2,1%, шошқа етіне – 1,4%, қой етіне – 0,8%, жылқы етіне – 0,2%-ға жоғары болды», - деп мәлімдейді статистикалық ведомство.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу