ҰБТ-ға қатысуға 239 мыңнан астам адам тіркелді – ҒЖБМ

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылын аяқтау мәселесі қаралды. Онда оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, сондай-ақ Ақмола және Атырау облыстарының әкімдері баяндама жасады.

«Жалпы жоғары білім беру жүйесі 2025–2026 оқу жылын тұрақты режимде аяқтап отыр. 2026 жылы мектепті шамамен 215 мың түлек аяқтайды. ҰБТ-ға қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде колледж түлектері мен өткен жылдардың мектеп бітірушілері де бар. Шамамен 200 мыңы – биылғы мектеп түлектері. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес ҰБТ өткізу бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілді. Барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары, жоғары оқу орындары мен білім басқармалары қатысатын мемлекеттік комиссиялар құрылды», — деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтуде. Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. Бүгінгі таңда тестілеуден 80 мыңнан астам адам өтті. Аралық нәтижелер талапкерлердің 63 пайыздан астамы шекті балды жинағанын көрсетіп отыр. Министр ҰБТ-ның жоғары әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдардан тестілеу толық аяқталғанға дейін барлық қажетті шаралардың тұрақты үйлестіруді сұрап отыр.

Жоғары оқу орындарына қабылдаудың ашықтығы мен қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында талапкерлер күнтізбесі ұсынылады. Құжаттарды қабылдау онлайн және офлайн форматта жүзеге асырылады. Педагогикалық және медициналық бағыттарға түсушілер үшін арнайы емтихандар қарастырылған. Сонымен қатар тиісті білім беру бағдарламаларына түсуші талапкерлер үшін шығармашылық емтихандар ұйымдастырылады. Мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады. Сонымен қатар 28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында жоғары оқу орындарында бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы өтетінін атап өткен жөн.

Биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталады. 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде:

75 371 грант – бакалавриатқа;

11 007 грант – магистратураға;

3 079 грант – докторантураға.

Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, ИТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. 21% педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінді.

«Премьер-министрдің орынбасары Аида Ғалымқызының тапсырмасымен биыл еліміздің барлық өңірлерінде ауқымды сауалнама өткізілді. Еңбек министрлігіне үлкен рахметімізді айтамыз. Нәтижесінде 73 мыңнан астам кәсіпорында тапшы кадрлардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, үлкен сараптама жүргізілді. Енді мемлекеттік тапсырыс беру кезінде осы ақпараттар ескеріледі.

Бүгінде мектеп түлегінің жоғары оқу орнына түсуін қамтамасыз ету ғана емес, оның болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесу де маңызды. Осы мақсатта министрлік білім беру навигациясы мен кәсіби бағдар беру жүйесін дамытып келеді. Негізгі құралдардың бірі – EduNavigator.kz цифрлық платформасы. Платформа арқылы бүгінгі күні 240 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Платформа оқушылардың кәсіби бейімділігін анықтауға, жаңа мамандықтармен таныстыруға және білім беру траекториясын еңбек нарығының сұраныстарымен байланыстыруға мүмкіндік береді», — деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, кәсіби бағдар беру саласындағы кадрлық әлеуетті күшейту үшін «Педагог-профориентолог» білім беру бағдарламасы енгізілген. Мамандар даярлау Абай атындағы ҚазҰПУ базасында жүргізілуде. Келесі жылдан бастап бірнеше университет қосылады.

Маңызды бағыттардың бірі – Study in Kazakhstan көрмесі. Көрме еліміздің 14 қаласында өтіп, 46 мыңнан астам оқушыны, ата-ананы және кәсіби бағдар берушілерді қамтыды. Іс-шараға 60-тан астам отандық және 20-дан астам еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары қатысты.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Аталған іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, шамамен 2 мың ата-ана және 700-ден астам кәсіби бағдар маманы қамтылды.

Биылғы оқу жылында 100-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылды. 150-ге жуық жұмыс берушілермен кездесулер өткізілді. Оған 120 мыңнан астам 3-4 курс студенттері мен 300-ден астам білім беру мекемелерінің, кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері қатысты. 

«Қазіргі уақытта Қазақстанда 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Студенттер контингенті 724 мыңнан асады. Шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асады. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында жазғы емтихан сессиясы аяқталуға жақын. Биыл шамамен 193 мың маман университетті бітіреді. Бұл – соңғы жылдардағы ең ірі түлектер шығарылымдарының бірі. Контингент жылдан-жылға өсіп келеді.

Түлектердің қорытынды аттестаттауы 20 маусымға дейін өтеді, ал диплом тапсыру рәсімін 10 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған. 

Оқу жылы аяқталғаннан кейін 530 мыңнан астам студент жазғы каникулға шығады. Осы кезеңде жастардың мазмұнды жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға ерекше назар аударылады. 150 мыңға жуық студент оқу және өндірістік практикамен қамтылады. 30 мыңға жуық студент студенттік жасақтардың жұмысына қатысады», — деді министр.

Барлық жоғары оқу орындарында «Жасыл ел» студенттік жасақтары жұмыс істейді. Жазғы кезеңде экологиялық және волонтерлік іс-шаралармен 30 мыңға дейін студентті қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар 15 жоғары оқу орнында спорттық-сауықтыру кешендері мен студенттік лагерьлер жұмыс істейді. Олардың базасында шамамен 15 мың студент үшін демалыс, сауықтыру, практика және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«AI-Sana бағдарламасы аясында бірінші кезеңде 673 мың студентті жасанды интеллект негіздеріне оқытып алдық. 10 сәуірден бастап 100 мың студент тереңдетілген деңгейге көшті. Оның 30 мыңы оқудан өтті, қалған 70 мыңы алдағы еккі-үш айдың ішінде оқытылмақ. 

Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – студенттердің қауіпсіз, мазмұнды және тиімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, кәсіби практика мүмкіндіктерін кеңейту және жастардың дамуына жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», — деді ол.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу