01 Шілде 2026, 10:45

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Парламент палаталарының қорытынды бірлескен отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды.
Отырыс барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
Мемлекет басшысы барлық реформаның басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.
Биыл инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру орнықты экономикалық өсімге жол ашатын маңызды фактор болып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін тиісті құралдар бар екеніне назар аударды. Барлық қабылданған шаралар ҰҰлттық банкпен үйлестіріле отырып, жүргізілуі тиіс.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына Макроэкономикалық тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, сондай-ақ Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы жүзеге асыруды қатаң бақылауға алу тапсырылды. Отандық өндіріске қолдау көрсету, нарықты тауарлармен қамтамасыз ету, сақтау инфрақұрылымы мен логистиканы дамыту шараларын, сондай-ақ баға саясатын реттеу және «Инвестицияларға тапсырыс беру» құралдарын толық жүзеге асыруды жалғастыру қажет.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделерін ескере отырып, теңгерімді тарифтік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.
Жыл соңына дейін шамамен 12 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп министрлігі отандық тауар өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді басым тәртіппен сатып алу арқылы олардың өндірістік қуаттарын арттыру үшін жағдай жасауы қажет.
Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жоспарланған тұрғын үй көлемінің пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Инженерлік инфрақұрылымды уақтылы жүргізу және құрылыс жұмыстарының сапасы ерекше бақылауда болуы тиіс.
Биыл өңдеуші секторда 200-ге жуық жаңа жоба іске қосылады деп күтілуде. Мәлімделген инвестициялар көлемін тартып, озық технологияларды енгізу керек. Өнеркәсіп министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір жобаны бақылауда ұстау тапсырылды.
«Мемлекет басшысы фармацевтика саласының орнықты өсімін атап өтті. Осы маңызды бағыт бойынша қол жеткізілген қарқынды сақтай отырып, саланың одан әрі дамуын қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.
Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін арттыруға бағытталған инвестициялық ірі жобаларды уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктерге ірі қожалықтармен өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырамын.
Мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау қажет
***
Олжас Бектенов экономиканың тұрақты өсуіне әсер ететін жобаларды іске асыруды жеделдетуді тапсырды
Президент елді мекендерді газбен қамту қарқынын жеделдетіп, көрсеткішті 80%-ға дейін арттыру міндетін қойды.
Энергетика министрлігіне QazaqGaz компаниясымен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде газ тарату желілерін кеңейту және салу жоспарларын жаңартуды тапсырылды. Бұл жобаларды толық әрі үздіксіз қаржыландырып, жүзеге асыру мерзімдеріне қатаң мониторинг жүргізу қажет.
Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірге тез арада авиаотынды сақтап, таратуға арналған нысандарды жаңғырту мен салудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуі қажет. Аталған жұмыс жылдам дамып келе жатқан авиация саласының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін озық қарқынмен жүруі керек.
«Президент Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш көмір стансасы құрылысының созылып кетуін орынды сынға алды. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен, Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, генерация саласындағы жобалардың белгіленген мерзімде уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Көлік саласында жаңа теміржол желілерін салу және вокзалдарды жаңғырту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтау қажет.
«Қарағанды – Жезқазған» республикалық жолын реконструкциялау басталды, бұл оның өткізу қабілетін жақсартады. Сондай-ақ «Бейнеу – Сексеуіл» және «Орталық – Батыс» жолдарының уақтылы әрі сапалы салынуын қамтамасыз ету тапсырылды. Келесі жылы автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртуды аяқтау қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қысқа мерзімде Астанада жаңа әуежай салуға кірісу қажет. Елорда әкімдігіне жобаны жүзеге асыруды бастау тапсырылды. Үкімет оны уақтылы іске қосу үшін қажетті қолдау көрсетеді.
Қазіргі уақытта негізгі шешімдер қабылданып, базалық инфрақұрылымның құрылысы басталған «ДӨО алқабы» жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. Жасанды интеллект министрлігіне «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, жобаға шетелдік капитал тарту қарқынын арттыру тапсырылды.
«Президент жасанды интеллект жобаларын цифрлық сүйемелдеу мен дамытуды қамтамасыз етуге қабілетті кадрлар даярлау мәселесіне ерекше назар аударды. Биыл Qazaq AI Reasearch University жасанды интеллект саласындағы кадрларды даярлаудың негізгі орталықтарының бірі болады. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Шағын және орта бизнестің дамуы халықты жұмыспен қамтып, экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Бизнеске арналған мүмкіндіктерді кеңейту үшін жаңа цифрлық қолдау құралдарын жасау керек.
Экспорттық әлеуеті бар жоғары технологиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындарға басымдық берілуі тиіс.
Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырылды.
Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсарту және экономиканың басым секторларында қосылған құнды арттыратын серпінді жобаларды жүзеге асыру міндетін белгіледі.Осы тұрғыда әрбір министр мен әкімнің алдына инвестициялар тарту бойынша нақты индикаторлар мен міндеттер қойылғанын атап өтемін.
Биыл $25,5 млрд шетелдік инвестиция және негізгі капиталға 31,5 трлн теңге инвестиция тартуымыз керек.
Сыртқы істер министрлігіне жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жұмысты күшейту тапсырылды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, барлық жобаға қолдау көрсету және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау жұмыстарын жүйеге келтіруі қажет.
***
Олжас Бектенов қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын күшейтуді тапсырды
Жаңа Конституцияда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттары бекітілген. Маңызды бастама ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа және мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды.
Барлық мемлекеттік органдар аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуі тиіс.
Осы орайда, өңірлердің, мемлекеттік органдардың аталған қозғалысқа жастар ұйымдарын, волонтерлік топтар мен еңбек ұжымдарын кеңінен тарту тапсырылды.
«Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – “Заң мен Тәртіп”. Оны жүзеге асыру аясында заңдылықты нығайту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттары нақты көзделген. Құқық бұзушылық профилактикасы мәселелеріне басымдық беру керек. Ол үшін “Заң мен Тәртіп” конституциялық қағидатын жүзеге асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бар әлеуетін жұмылдыру қажет», — деп атап өтті Премьер-министр және Ішкі істер министрлігіне Комиссияның жұмыс жоспарын жаңартуды тапсырды.
Жалпы, елімізде әлеуметтік көмектің көп деңгейлі және атаулы жүйесі қалыптасқан. Көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуге тиіс.
Мемлекеттің барлық базалық әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Еңбек министрлігіне цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жалғастыру тапсырылды. Олжас Бектенов жаңа Конституцияның ережелерін нақты жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Конституция нормаларын нақты жүзеге асыратын ең жауапты кезең басталғанын атап өтті.
«Жаңа Конституцияның нормаларын нақты жүзеге асыратын ең жауапты кезең басталып отыр. Оларды тиімді жүзеге асыру, құқық үстемдігі қағидаттарын нығайту және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты. Жалпыұлттық референдум өткеннен кейінгі айларда жаңа мемлекеттік институттардың қызметі, Құрылтай сайлауын өткізу және негізгі конституциялық реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық негіз құрылды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр бірқатар заңға тәуелді құқықтық актілерді қабылдау, салалық заңнаманы кешенді түрде қайта қарау және бүкіл құқықтық жүйені жаңа Конституцияға сәйкес келтіру қажет болатынын атап өтті. Әділет министрлігіне қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету және жұмысты жалғастыру тапсырылды.
#Олжас Бектенов #Президенттің тапсырмасы #ЭкономикаҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу