24 Ақпан 2026, 12:10
Су ресурстары және ирригация министрлігі алдағы вегетациялық кезеңге дайындықтың кешенді жоспарын ұсынды. Үкімет отырысында оңтүстік өңірлердегі диқандардың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету, басқарудың цифрлық құралдарын енгізу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Нұржан Нұржігітов баяндады.
Ведомство басшысының сөзінше өткен жылдан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігі алты айға дейінгі мерзімге болжам жасауға мүмкіндік беретін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде. Сырдария өзенінің жекелеген жанама салаларының учаскелерінде, сондай-ақ Шу өзенінің бассейнінде ғана су мөлшері норма шегінде болжануда. Іле өзенінің бассейнінде су ағыны норма шегінде күтіледі, ал жекелеген салалардың учаскелерінде су мөлшері көпжылдық нормадан жоғары болады деп болжануда.
Биылғы жылғы су шаруашылығы жағдайы 2025 жылғы құрғақшылықтың салдарының әсерінен қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта модель деректері бойынша Сырдария, Шу, Талас және Іле өзендерінің бассейндерінде су ағыны қалыптасатын аймақта ылғал қоры біркелкі бөлінбеген. Негізгі ылғал қоры орта таулы аймақта қалыптасқан, ал биік таулы аймақта оның көлемі көпжылдық нормадан төмен. Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның басым түсуі жағдайында су көлемі артады деп күтілуде, ал жазғы кезеңде өзендерінің ағыны нормадан төмен болуы ықтимал. Осылайша, 2026 жылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде, әсіресе Арал-Сырдарья және Шу-Талас бассейндерінде тәуекелдермен өтуі мүмкін.
Атап айтқанда, Тоқтоғұл су қоймасының көлемі 7610 млн текше метр құрайды, бұл өткен жылдың деңгейінен 1,5 млрд текше метрге төмен. Энергия тапшылығы жағдайында су қоймасы күшейтілген режимде босатылуда. Осыған байланысты вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі деп болжануда, тиісінше бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының қажеттіліктері үшін мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, облыс әкімдіктеріне су алу лимиттерін қатаң сақтау, оның ішінде күріш егісі бойынша белгіленген лимиттерді ескеру орынды деп санаймыз: Түркістан облысында – «Достық» каналы бойында күріш егуді толықтай тоқтату, Қызылқұм каналы бойында – 3,5 мың гектардан аспау; Қызылорда облысында – 70 мың гектардан аспау. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Шардара су қоймасы жинақтау режиміне ауыстырылды. Су беру режимдері келісілген деңгейде сақталған жағдайда су қоймасына кемінде 8,3 млрд текше метр су келуі күтілуде. Бұл Шардара су қоймасын шамамен 5 млрд текше метрге көлемінде толтыруға, Көксарай контрретегішін 2 млрд текше метр көлемге дейін жинақтауға және Қызылорда облысына шамамен 1,3 млрд текше метр су жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Нұржан Нұржігітов.
Оның сөзінше Шу-Талас бассейні бойынша Киров су қоймасының толмау қауіпі бар. Аталған су қоймасы Жамбыл облысының ауызсу және суармалы сумен жабдықтаудың негізгі көзі болып саналады. Бүгінгі күні оның көлемі 314 млн текше метр құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден бір жарым есе төмен. 1 сәуірге қарай су қоймасындағы су көлемі шамамен 400-410 млн текше метр болады деп күтілуде. Су бөлу үлестерін ескергенде, бұл Қазақстан үшін небәрі 285 млн текше метр су алуға мүмкіндік береді. Ал ең төменгі қажеттілік 400 млн текше метрді құрайды.
Сонымен қатар осы жылғы 9 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кездесу аясында «Казгидромет» пен Қырғыз Республикасы Гидрометеорологиялық қызметі арасында 2026-2028 жылдарға арналған жедел-өндірістік қызмет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды. Вегетациялық кезеңге дайындық шеңберіндегі ішкі іс-шаралар аясында суару каналдары мен гидротехникалық құрылысжайларда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оңтүстік облыстардағы су қоймалары толтыру режимінде жұмыс істеуде. 2026 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларында 23,4 млрд текше метр су жиналды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 759 млн текше метрге аз.
Айта кету керек, 2025 жылғы 1 желтоқсанда аталған су қоймаларында 17,7 млрд текше метр су жиналған болатын, бұл 2024 жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд текше метрге аз. Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде соңғы 2 айда су жинау динамикасы арттырылып, қосымша көлемінде 1,5 млрд текше метр өсім қамтамасыз етілді. Ерекше алаңдаушылық туғызатыны – негізінен ішкі су көздері есебінен толатын су қоймаларының толу деңгейі. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Бөген су қоймасында 278 млн текше метр су жиналған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 46 млн текше метрге аз. Сондай-ақ Бадам су қоймасының толуы 32 млн текше метрді құрайды, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 млн текше метрге кем.
Министрдің сөзінше осыған ұқсас жағдай Жамбыл облысындағы Теріс – Ащыбұлақ, Қарақоңыз, Қақпатас, Жартас және Бүркітті су қоймаларында да қалыптасып отыр. Осыған байланысты, және өткен жылы аталған облыстарда вегетациялық кезең күрделі жағдайда өткенін ескере отырып, екі облыстың әкімдіктеріне ылғалды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын шектеу бойынша шаралар қабылдау қажет. Вегетациялық кезеңге дайындық және тәуекелдерді барынша азайту мақсатында 2025 жылы «Қазсушар» филиалдары 1840 шақырым суару каналдарын механикаландырылған тәсілмен тазалады, 680 шақырым суару желілерін реконструкциялады және 375 гидротехникалық құрылысжайды жөндеді. Соңғы екі жылда тазалау көлемі айтарлықтай артып, жылына орта есеппен 1,5 мың шақырым құрады, бұл алдындағы кезеңдермен салыстырғанда қарқынның бірнеше есе өскенін көрсетеді. Осы жылы 394 гидротехникалық құрылысжайды жөндеу және 2200 шақырымнан астам каналды тазалау жоспарлануда. Осы мақсатта министрлік 2025 жылы қаржылық лизинг аясында 576 бірлік арнайы техника мен көлік сатып алды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін «Қазсушар» филиалдары 181 бірлік сорғы стансалары мен агрегаттарды дайындады, сондай-ақ ең күрделі учаскелерге пайдалану үшін қосымша 92 бірлік сорғы сатып алу жоспарлануда.
Сонымен қатар Түркістан облысында Қарақуыс және Бәйдібек-ата су қоймаларының құрылысы жалғасуда, оларды 2026 жылы аяқтау жоспарланған, бұл шамамен 69 млн м³ қосымша су жинауға мүмкіндік береді. Ислам даму банкі қарызының бірінші траншы қаражаты есебінен 2026 жылы үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып, екі су қоймасын реконструкциялау көзделген. Бір мезгілде оңтүстіктің 5 облысында жалпы ұзындығы 986 шақырымды құрайтын 103 каналды реконструкциялау мен автоматтандыру бойынша 96 жобаны жүзеге асыру басталады. Сонымен бірге қалыптасқан жағдайда су үнемдеу технологияларын белсенді түрде енгізу, және ылғалсүйгіш ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын қысқарту қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты 2025 жылғы 4-5 желтоқсанда Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, 2026 жылғы 29-30 қаңтарда Алматы және Жетісу облыстарында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері бойынша кеңестер өткізілді.
Аталған кеңестерде су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау, ылғалсүйгіш дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі қысқарту, егіс құрылымын әртараптандыру, және су үнемдеу технологияларын өсімдік шаруашылығының негізгі элементі ретінде міндетті түрде енгізу қажеттілігі атап өтілді.
Осы кеңестердің қорытындысы бойынша жұмыс тобы құрылып, Қызылорда облысы үшін 3,2 млрд текше метр, Алматы облысы – 2,1 млрд текше метр, Жетісу облысы – 1,8 млрд текше метр, Жамбыл облысы – 1,2 млрд текше метр, Түркістан облысы үшін 3,8 млрд текше метр көлемінде су пайдалану лимиттерін белгілеу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар қалыптасып отырған су шаруашылығы жағдайын ескере отырып, Жамбыл облысы бойынша су пайдалану лимиті азайту жағына қарай қайта қаралуда және 2026 жылғы 1 наурызға дейін облыс әкімдігіне жеткізілетін болады.
«Қазіргі уақытта өңірлерде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері арасында су үнемдеу қажеттілігі, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу, сондай-ақ су беру бойынша шарттарды электрондық форматта жасасу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар аясында министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасын қабылдады. Жол картасы шеңберінде министрліктің құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы көзделген. Судың «қара нарығының» тәуекел аймақтары айқындалып, су пайдаланушы мен су тұтынушы арасындағы шарттық қатынастарды цифрландыру басталды, цифрлық және спутниктік мониторинг құралдары енгізілуде. 2026 жылы судың «қара нарығының» алдын алуға, сондай-ақ су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заң бұзушылықты болдырмауға бағытталған бақылау және инспекциялық іс-шараларды күшейту жоспарлануда. Жол картасында цифрландыруға ерекше мән берілген. Осы жылдың басынан бастап Министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электрондық форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда. Аталған жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды», — деді министр.
Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысулардың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Су тұтынушылармен шарттар жасасу жұмыстары жүргізілуде. Қазсушарға белгіленген су пайдалану лимиттерінен асатын шарттар жасаспау туралы нұсқау берілді. Еліміздің өзге бассейндерінде Ертіс, Есіл, Тобыл-Торғай, Нұра-Сарысу, Жайық-Каспий суаруға қажетті су тұтыну 2%-дан аспайды. Аталған бассейндерде су тапшылығы болжанбайды, алайда жағдай министрліктің тұрақты бақылауында болады.
#Егіс науқаны #су ресурстары #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу