03 Қараша 2026, 11:05
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қаралды. Жиында ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «СҚ-Фармация» компаниясының басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков жұмыстың негізгі бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ фармацевтикалық компаниялардың басшылары – «Абди Ибрахим Глобал Фарм» бас директоры Фарух Рзаев және «Нобель Алматы фармацевтикалық фабрикасы» компаниясының бас атқарушы директоры Светлана Киль сөз сөйледі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударды. Жаңа инфрақұрылым құрылысын жаппай жүргізу және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімді болуы – біздің негізгі басымдықтарымыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бүкіл ел халқының денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететінін және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің маңызды факторларының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және шығарылатын дәрі-дәрмектер ассортиментін кеңейту жөнінде шаралар қабылдануда. Бұл шаралар еліміздің дәрілік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Президентіміз халыққа Жолдауында атап өткендей, өнімді терең өңдеуді көздейтін жобаларға баса мән беру керек. Сондықтан жай ғана “орап-қаптаудан” бас тартып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісінің толық циклін жолға қою стратегиялық міндетке айналуға тиіс. Фармацевтикалық жобалар бойынша инвестициялық келісімдер жасау және жер телімдерін бөлу – бұл ауқымды істің басы ғана. Ендігі кезекте оларды нақты жүзеге асырып, жаңа өндіріс орындарын құруға және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге мықтап кірісу қажет.
Бұдан бөлек, дәрілік заттардың тағы да бес жүзге жуық түрін шығаруды қолға алып, 1,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру қажет болады. Отандық дәрілердің түрлерін көбейту, сырттан әкелінетін өнімдерге тәуелділікті азайту бағытында жұмысты жалғастыру керек. Оңтайлы бағаны қалыптастыру да – маңызды мәселенің бірі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі, сондай-ақ ақысыз дәрімен қамтамасыз ету жүйесі ерекше маңызға ие, бірінші кезекте, үздіксіз ем қабылдауды қажет ететін созылмалы аурулары бар азаматтарды және балаларды басты назарда ұстаған жөн.
Осыған байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қадағалау өкілеттіктері келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтіледі, министрлікке осы өкілеттіктерді жүзеге асыруға 100% дайындықты қамтамасыз ету, заңбұзушылықтарды жедел анықтау үшін өнімді таңбалау жүйесін белсенді пайдалану тапсырылды. Олжас Бектенов әрбір емделуші қандай дәрілердің ақысыз берілетінін, оларды қайдан және қашан алуға болатынын, қиындық туындаған жағдайда қайда жүгіну керектігін білуге тиіс екенін атап өтті. Үйреншікті дәріні басқа өндірушінің өніміне алмастырған жағдайда, оның себептері мен қолдану тәртібін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет.
Дәріні жеткізу үзіліп қалмауы үшін және оны қадағалау мақсатында цифрлық құралдар енгізілуде: бүгінде электрондық рецептілерді қолдану мен дәрілік заттардың берілуін цифрлық растау аясы айтарлықтай кеңейіп келеді. Яғни, «Әлеуметтік әмиян» арқылы қамтамасыз ету үлесі 80%-дан асты. Премьер-министр бұл тетікті одан әрі жетілдіре түсуді тапсырды. Ол дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, емделушінің өзіне тиесілі дәріні нақты алуына да кепілдік береді. Сондай-ақ дәрі-дәрмек тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды тез арада қайта бөлу және сол арқылы емдеу ісінде үзілістерді болдырмау өте маңызды. Бұл бағытта цифрландыру қазірдің өзінде нақты нәтиже беріп отыр. 2024 жылдан бері енгізілген таңбалау жүйесі дәрілік заттардың қозғалысын қадағалауға, қалған көлемді бақылауға, заңбұзушылықтар мен жекелеген өнімдердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте пациенттерді толық қамтуды және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі – пациенттің қажетті дәрі-дәрмектерді кепілдендірілген және уақтылы қабылдауы.
Премьер-министр жаңадан шығып жатқан дәрілік заттардың қолжетімді болуы айрықша мән беретін мәселе екенін атап өтті. Өнім әлемнің дамыған елдерінде сертификатталған жағдайда, оны мемлекеттің бастамасымен жедел тіркеу мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан қарастырылған. Қазіргі уақытта осындай 112 жаңа препаратты тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» компаниясына емделушілердің қажеттіліктерін ескере отырып әрі дәрілік заттардың басымдығын айқындап, аталған тетікті жедел жүзеге асыру тапсырылды. Сондай-ақ Қазақстанды фармацевтикалық жүйесі жетілген ел ретінде жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін зертханалық кешен құру мәселесін жеделдету қажет. Медициналық бұйымдарды сатып алу тәсілдерін де жетілдіру керек. Биыл бірыңғай дистрибьютор 38 млрд теңгеден астам сомаға әртүрлі медициналық бұйымдарды сатып алған. Бюджет шығындарын азайту үшін бағалар мен сипаттамаларды және құрамдас бөліктерді мұқият салыстыру қажет. Бірақ қаражатты үнемдеуге емдеу сапасын бұлжытпай сақтай отырып қол жеткізу керек.
Жалпы, қабылданып жатқан барлық шаралар дәрі тапшылығын мүлдем жойып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға тиіс. Ол үшін отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту және сатып алу жүйесін жетілдіру мәселелеріне кешенді түрде қарау қажет.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді:
Бірінші. Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың желтоқсан айында медициналық бұйымдарды сатып алудың жаңа моделін іске қосуды қамтамасыз етсін. Жаңа модель дәрілік заттардың бірыңғай базасын қалыптастыру, техникалық ерекшеліктерді біріздендіру, референттік баға белгілеу тетігін енгізу және отандық өндірушілердің қатысу аясын кеңейту шараларын қамту қажет. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша барлық рәсімдерді осы жылдың соңына дейін жедел жүргізу керек. Қаңтар айында ауруханаларда, емханалар мен дәріханаларда барлық қажетті заттар болуға тиіс. Өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды ерекше бақылау қажет.
Екінші. Денсаулық сақтау министрлігіне емделушілерге берілгенге дейін дәрілік заттардың қозғалысына толық цифрлық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Шекті бағалардың сақталуына бақылауды күшейтіп, қаржы жымқыру әрекеттеріне қатаң тосқауыл керек. Ақысыз беруге арналған дәрілерді заңсыз сатудың алдын алу үшін оларды таңбалау тетігін пайдалану қажет.
Үшінші. Денсаулық сақтау министрлігі өңір әкімдіктерімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін дәрілік заттарды сақтау кезіндегі «суық тізбек» мониторинг жүйесін іске қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Қоймаларды, медициналық ұйымдар мен тоңазытқыштары бар көлік құралдарын бірыңғай цифрлық жүйеге қосуды қарастыру қажет.
Төртінші. Денсаулық сақтау министрлігі келісімдерде белгіленген мерзімдерге сәйкес инвесторлардың міндеттемелерінің орындалуына, оның ішінде инвестициялар салу, өндірістік қуаттарды іске қосу және медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды шығару барысына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Өңір әкімдіктеріне Денсаулық сақтау министрлігімен бірге әрбір инвестициялық жобаға қолдау көрсетіп, жер және инфрақұрылым мәселелерін уақтылы шешуді, сондай-ақ жұмыс кестелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тарату үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларын салу жобаларын жандандыруға қолдау көрсетуі қажет.
Бесінші. Бюджет шығындарын азайту және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімге сәйкес өңірлерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде ашықтықты арттыру мақсатында әкімдіктерге олардың тек «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютордан сатып алынуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Барлық мемлекеттік органдар отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс. Орталықтың деңгейінде шешімді талап ететін мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды жедел енгізу қажет.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Мемлекет басшысының Жолдауы #Президенттің тапсырмасыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу