04 Мамыр 2019, 18:05

2019 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша көп балалы аналармен кездесу өтті.
Сондай-ақ, іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Б. Сұлтанов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, ҚР білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы М. Жайымбетов қатысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жаңа әлеуметтік саясат жүзеге асырылуда. Негізгі міндет — тұрмыс сапасын жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 10,1 мың көп балалы ана бар (4,4 мың көп балалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған), оның 3,5 мыңнан астамы аз қамтылған.
Елорда әкімдігінде көп балалы аналарға әлеуметтік көмек көрсетудің 13 кешенді шарасы әзірленіп, іске қосылды. Осылайша, ағымдағы бюджет шеңберінде әлеуметтік көмек көрсету үшін 5,6 млрд теңге бөлініп, алдағы бюджетті нақтылау кезінде 2,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қарастырылатын болады.
Әлеуметтік шаралар аясында көп балалы отбасыларға және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға сертификат беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр, қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне арналған тұрғын үй сертификаттары төленіп, наурызда 1 млн теңге болатын 2000 сертификаттың 143-і берілді.
Үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі 228 балаға, әлеуметтік көмек
25 250 теңгеге дейін көтерілді, коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған тұрғын үй көмегі көрсетіледі, коммуналдық қызметтерге рұқсат етілетін отбасылық шығындар мөлшері 8%-дан 5%-ға дейін төмендеді, бұл тағы да 700-ден астам көп балалы отбасыға көмек көрсетуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, 1500 көп балалы отбасы тіс протездеу және алдын ала емдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Жаңа оқу жылына орай Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындарында көп балалы отбасылардан шыққан 50 баланы оқытуға қосымша гранттар бөлінеді.
Білім беру саласында жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының көп балалы отбасылардан шыққан 36 мың оқушы мен студенттерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру ұсынылады, көп балалы отбасылардан шыққан 32 мың бала мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, көп балалы отбасылардан шыққан әрбір бала жаңа оқу жылына мектеп формасымен және мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етілетін болады, сондай-ақ, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 мың баланы қамтамасыз ету қарастырылған.
Биыл көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі 2892 баланы ыстық тамақпен қамту және балабақшаларда тегін орын беру жоспарлануда.
Кездесу барысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік көмекті күшейту мәселесінің қажеттілігі жайлы көп балалы аналардың өкілдері өз пікірлерімен бөлісті.
Кездесу соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу