28 Наурыз 2017, 04:51
Биыл мемлекет АӨК-тің 1 500 субъектісіне көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын жүргізу үшін шекті мөлшерлемесі жылына 6%-дан аспайтын қаржыландыруды жүзеге асырады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов айтты.
Осы жылы көктемгі егіс және оны жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 млрд теңге сомасында бюджеттік несие бөлінген, бұл тұста ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін шекті мөлшерлеме көлемі жылына 6%-дан аспайды.
«Аталған қаражат аясында АӨК-тің 1 500 субъектісін қаржыландыру көзделген, егіндік алқабын қамту 3,0 млн га-ды құрайды. Биылғы 13 наурыздағы жағдай бойынша 51,2 млрд теңгеге өтінім келіп түскен, 4,4 млрд теңге сомасындағы өтінім мақұлданды», - деді вице-министр.
Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және отандық қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту мақсатында дақылдардың басымдығын ескере отырып, қаржыландырудың тетігі іске асырылатын болады. Бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген дақылдар қаржыландырылады (майлы (күнбағыс, рапс, зығыр, соя), арпа, және т.б. дақылдар).
Қ. Айтуғановтың айтуынша, 2017 жылы субсидияланған минералды тыңайтқыштарды қолданудың жоспарлы көлемі - 277 мың тоннаны (қажеттіліктің 10,7) бөлінетін субсидиялар көлемі - 13,1 млрд теңгені құрайды.
Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізумен қамтамасыз ету мақсатында дизельдік отынның 375 мың тонна көлеміндегі қажетті көлемі анықталған. Наурыз айына тоннасына 148 мың теңге деңгейінде баға белгіленген (нарықтағы бағасы АЖҚС-да 130 теңге/литр жағдайында литрін 105 теңгеге, операторлардың шығынын ескергенде, өңірлердегі АШТӨ үшін дизельдік отынның орташа бағасы шамамен 120 теңге/литрді құрайды).
2017 жылдың басындағы жағдай бойынша республикада 153 мың трактор, 83 мың тұқым сепкіш, 292 мың топырақ өңдейтін құрал-жабдық, 5 мың бүркуіш, 3,6 мың заманауи өнімділігі жоғары егіс кешені бар.
«Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасын даярлау қарқыны өткен жылғымен бірдей деңгейде. 2017 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша тракторлардың дайындығы 86%, тұқым сепкіш - 89%, қопсытқыштардың деңгейі - 91%, тұқым сепкіштерді толтырғыш - 91% деңгейінде дайын», - деп есеп берді вице-министр.
Еске сала кетейік, бүгін ҚР Үкіметіндегі отырыста 2017 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы жөніндегі мәселелер қаралуда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу