11 Маусым 2017, 12:13
Бүгін Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Тұрақты даму энергетикасы жөніндегі сегізінші халықаралық форум мен «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» Министрлік конференциясы басталды.
Форумды Қазақстан Республикасының Үкіметі БҰҰ өңірлік комиссияларымен (ECE, ESCAP, ESCWA, ECA, ECLAC), БҰҰ мамандандырылған ұйымдарымен (UNIDO, UNDP, SE4ALL және т.б.) және өзге де серіктестермен (IEA, IRENA, Energy Charter) бірлесіп өткізіп жатыр.
Министрлік конференция алғаш рет Форум аясында өткізілуде, ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл пікірталастардың деңгейін арттыруы тиіс.
Министрлік конференцияны ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ашты. Ашылу салтанатында БҰҰ Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының атқарушы хатшысы Ш. Ахтар, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы О. Алгаерова, БҰҰ бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі, Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюро директоры, БҰҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесіндегі бас комиссары Д. Сұлтаноғлы арнайы сөз сөйледі.
Министрлік конференциясына барлығы 80-нен астам елдің делегациялары, солардың ішінде 20-ға жуық шет мемлекеттердің министрлері мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Биылғы конференцияның тақырыбын аша отырып, шара модераторы, ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергетикалық нарықтарды трансформациялауға қатысты барлық бастамаларға белсенді түрде қолдау көрсететінін атап өтті.
«Біздің еліміз «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасы қағидаларының, заманауи энергетикалық қызмет түрлерінің жан-жақты қолжетімді болуына жетуді, энергия тиімділігін арттыруды, жаңғыртылатын энергияны пайдалану мөлшерін ұлғайтуды жақтаушылардың бірі», - деді энергетика министрі.
Ашылу салтанатынан кейін «Тұрақты энергетиканың мәселелері мен келешегі» тақырыбында министрлік диалог өтті, онда Еуропалық комиссияның Энергетикалық одақ мәселелері жөніндегі вице-президенті М. Шефчович болашақ энергетика жүйесі туралы, сонымен қатар оны қалыптастырудың мәселелері мен салдарлары туралы пікірімен бөлісті. Одан кейін Қазақстанның, Ресей, Сауд Арабиясы мен Түркияның энергетика министрлері, сондай-ақ Баршаға арналған тұрақты энергетиканы дамыту жөніндегі БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі және «Баршаға арналған тұрақты энергетика» бастамасының бас атқарушы директоры Р. Кайт алдағы он жылдықтың келешегі туралы өз көзқарастарымен бөлісіп, жаңғыртылатын энергетика мен қазба отынына ықпал етуге бағытталған бірлескен жұмыстар мен мүмкіндіктерді талқылады.
Бұдан өзге, Министрлік конференциясы аясында министрлер арасында тағы қосымша төрт диалог жүргізілді. Олар «Энергия қауіпсіздігі, өңірлік сауда және инфрақұрылым», «Энергетика, климат, азық-түліктің өзара байланысы: циркулярлық экономикаға ұмтылыс», «Орталық Азиядағы жаңғыртылатын энергетика», «Жаңа технологиялар мен инновацияларды ілгерілету» тақырыптарында өтті.
Конференция соңында энергетика саласында ортақ проблемалармен күресуші және баршаға қолжетімді тұрақты энергетиканың болашағын айқындаушы елдердің энергетикалық ынтымақтастығының маңызын көрсететін бірлескен министрлік декларациясы қабылданды.
Бұдан өзге, энергетика саласындағы маңызды келісімдерге қол қойылды, Халықаралық энергетикалық агенттіктің есептері жарияланды, жаңғыртылатын энергия жөніндегі барлық өңірлік комиссиялардың баяндамалары қабылданды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу