26 Сәуір 2017, 13:22
Биылғы сессияның тақырыбы - «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім». Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты.
Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ өкілдері бар.
Сессияны ашқан Мемлекет басшысы бүгінгі Ассамблея ерекше уақытта өтіп жатқанын айтты.
«Біз мемлекеттіліктің үшінші онжылдығына аяқ бастық, аталмыш сессияны күрделі кезеңде өткізіп жатырмыз. Әлемде орын алған жағдай еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің тұрақты дамудың кепілі екенін көрсетеді. Күрделі кезеңде құрылған гүлденуге бастаған бірлестік - Ассамблея көз алдымызда өзінің киелі миссиясын атқарып жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сессия қатысушыларына қарата сөйлеген сөзінде бүгінгі таңда Ассамблея тарихы – бұл тұрақтылық, достық, бейбітшілік және келісім шежіресі екенін атап өтті.
«Ассамблея – бірліктің киелі бесігі, Қазақстан халқын шоғырландырған бірегей модель. Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай 30 дамыған елдің қатарына қосылу және халықтың әл-ауқаты деңгейін аталмыш дәрежеге көтеру. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, біз тек алға ұмтылуымыз керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Содан кейін Н.Назарбаев елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жаңғырту туралы айтты.
«Біздің қанша дағдарысты еңсергенімізді өздеріңіз көріп отырсыздар. Экономикамыз дағдарыстарға қарамастан, үнемі дамуда. Биыл еліміз экономикалық, саяси және рухани дамудың үшбірлігін кешендік жаңғырту жұмысына кірісіп кетті. Олардың әрқайсысы да маңызды кезең. Қазақстанның үшінші жаңғыруы – экономикалық гүлденудің бастауы. Бұл туралы мен өзімнің Жолдауымда атап өттім. Мемлекетті басқару жүйесін жетілдіретін конституциялық реформа – саяси жаңғырудың негізі. Менің «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаламның негізі болған жобалар – рухани жаңғырудың көзі», - деді Президент.
Президенттің айтуынша, қоғамды рухани дамыту немесе қоғамдық сананы жаңғырту үш жаңғыртудың ішіндегі ең күрделісі болып табылады.
«Бұған мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаламды арнағанымды білесіздер. Бұл кездейсоқ мақала емес. Ол Қазақстанның барлық жаңғыруының тұтастығын баяндайды. Ол себепсіз жазылған жоқ. Ол – көптеген сарапшылардың ой-толғауларының нәтижесі», - деді Мемлекет басшысы.
Президент мақаланың негізгі мақсатына бөлек тоқталып өтті.
«Аталған мақаланың мәні неде? Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, ол шет тілдерін білуі керек, әсіресе ағылшын тілін және ол - алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан», - деді Президент.
Н. Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту бойынша арнайы құрылған Ұлттық комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, бағдарламалық мақалада көрсетілген барлық бағыттар бойынша нәтижелі жұмыстар атқаратынына сенім білдірді.
Қорытындылай келе, Қазақстан Президенті Ассемблея мен мемлекеттік органдар жүзеге асыратын бірқатар жаңа міндеттерді айқындады.
«Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл үдеріске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Н. Назарбаев екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырмалар берді.
«Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке, әкімдіктерге және ҚХА-ға қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, сессия барысында Н. Назарбаев ақпараттық жұмыстарға ерекше назар аударып, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарих картасын жасауды тапсырды.
Мемлекет басшысы бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Бұдан өзге, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы барысында Ассамблея төрағасының түрлі этномәдени бірлестіктердің атынан екі жаңа орынбасары тағайындалды. Олар - ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк және ҚХА кеңесінің мүшесі, республикалық әзербайжандар қауымдастығының басшысы Абилфас Хамедов.
XXV сессия соңында Ассамблея қабылдаған мәлімдемеде қоғамдық сананың жаңғыруы заңдылық және қажеттілік екені, Қазақстан дамуының бүкіл стратегиясына оның тұтастық дарытатыны атап көрсетілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу