Қазақстанда өңірлік дамудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді - Қаржы министрі Б.Жәмішев
Қазақстанда жеті салалық бағдарламаны біріктіретін бірыңғай өңірлік даму мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады, деп хабарлады қаржы министрі Болат Жәмішев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
«Өңірлік даму министрлігі
оңтайландыру мәселесін пысықтауда, жеті салалық бағдарламаны біріктіретін
бірыңғай өңірлік даму мемлекеттік бағдарламасы әзірленетін болады», - деді Б.Жәмішев.
Сонымен қатар, ол мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылатын мемлекеттік және салалық бағдарламаларды тексеру көзделгенін атап өтті.
Мұндай ұстаным, Қаржы министрлігі басшысының айтуынша, шығыстар бағыттарының қайталануын барынша
азайтуға және анағұрлым нақты нысаналы индикаторлар мен бағдарламалардың
тиімділік көрсеткіштерін белгілеуге мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, министр Тұжырымдама шеңберінде
бюджетаралық қатынастардың бүкіл жүйесін жоспарлы жаңғырту көзделгенін атап
өтті.
Осылайша, республикалық
және облыстық бюджеттер арасында жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері
туралы тиісті заңды әзірлеу кезінде, жергілікті бюджет шығыстарының базасына
тұрақты сипаттағы шығындар енгізілетін болады.
Бұрын аталған шығыстар
республикалық бюджеттен берілетін нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен
қаржыландырылғанын атап өткен жөн.
Бұл Тұжырымдама Қаржы министрі атап өткендей өңірлердің даму ерекшелігін есепке ала отырып, әкімдердің әлеуметтік
және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қаражатты жұмсау басымдықтарын дербес
анықтауына және республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттердің
көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз