Қазақстанда мемлекеттік органдар арасында құзіреттерді шектеу аяқталды - Е.Досаев

Қазақстанда мемлекеттік органдар арасындағы құзіретті үйлестіру аяқталды, деп мәлімдеді бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев. 

«Мемлекет басшысы заңдарға қол қойып, олар қыркүйек айынан бастап заңды күшіне енді. Мемлекеттік органдар арасындағы құзіретті үйлестіру мәселесінің ішінде Үкімет пен орталық атқарушы органдар және жергілікті атқарушы органдар арасындағы құзіреттер қазір бекітіліп бітті», - деді Е.Досаев. 

Оның айтуынша, ҚР Үкіметі туралы Конституциялық заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, сонымен қатар құзіреттерді анықтау бойынша бірқатар заңнамалық актілерге де тиісті өзгертулер енгізілді.

Сонымен қатар, ұлттық экономика министрінің айтуынша, Үкіметтің 2442 функциясының 1606-сы министрліктер деңгейіне берілді.

«Яғни, бұйрықтар, нұсқаулық пен тәртіптер орталық атқарушы органдар жетекшілерінің жауапкершілігі деңгейіне алмастырылып, орталық атқарушы органдар деңгейіндегі 261 функция орталық жергілікті атқарушы органдар құзіретіне, тағы 14-і аудандық деңгейге берілді. Біздің ойымызша, бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай атқарылған ірі жұмыс болды», - деді ол. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу