Ұлттық экспорттық стратегияда қызметтер экспортына ерекше назар аударылады – Сүлейменов

Ұлттық экспорттық стратегия аясында тауар экспортынан өзге, экспорттық мүмкіндіктер мен ІТ, медицина, білім беру және т.б. қызметтерге осы мүмкіндіктерді ынталандыру тәсілдері қарастырылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтты.

Министр жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2016 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымының 58%-ын көрсетілген қызметтер көлемі құрағанын айтты.

«Барлық қызметтердің экспортталмайтыны анық. Дегенмен, білім беру, медицина, ІТ және өзге де кәсіби қызметтер бойынша Орталық Азия елдерінің аумағы мен Ресейдің жақын маңдағы өңірлерінде біздің айтарлықтай әлеуетіміз бар. Аталған қызмет түрлерінің экспортына ерекше назар аударылатын болады», - деді Т. Сүлейменов.

Экспорт нарықтарына келер болсақ, министрдің айтуынша, бұл жақын маңдағы мемлекеттер болмақ. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы, Еуразиялық экономикалық одақ, Қытай және Орталық Азия елдері. Бұдан өзге, бүгінгі таңда Үндістан, Иран сияқты елдермен еркін артықшылықты сауда аймақтарын ашу бойынша серіктестермен келіссөздер жүргізілуде.

Еске салсақ, бүгін ҚР Үкіметінде 2017 жылғы бірінші жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары қаралды. ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов өңдеу саласын тиімді дамыту және қазақстандық өнім экспортын ілгерілету үшін институционалды негіз құру мақсатында Қазақстанның Ұлттық экспорттық стратегиясы тұжырымдамасы әзірленетінін баяндады. Стратегияны жазу және әзірлеудің бастапқы кезеңі жүргізілуде.    

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу