11 Желтоқсан 2012, 05:49
Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы» ҚР Заңының жобасы мақұлданды.

Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев түсіндіргендей, Заң жобасына «мемлекеттік қызмет көрсету», «қызмет көрсетуді тұтынушы», «қызмет көрсетуші» және «мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушы» деген жаңа ұғымдардың анықтамасы енгізіліп отыр.

«Мемлекеттік қызмет көрсету дегеніміз «қызмет көрсетуді тұтынушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асыратын, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі ретінде мемлекеттік қызмет көрсету ұғымының жаңа анықтамасы белгіленді», деп атап көрсетті министр өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, «қызмет көрсетуші» қызмет көрсету стандарттарын бекітетін және мемлекеттік қызмет көрсету процесін ұйымдастыратын органдар, сондай-ақ тиісті салада және өз деңгейінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін ұйымдастыратын жергілікті атқарушы органдар болып табылады.
Сондай-ақ, «Қызмет көрсетуді тұтынушы» ұғымы Қазақстанда мемлекеттік қызметті тұтынуға құқығы бар тұлғалардың аясын айтарлықтай кеңейтеді. Атап айтқанда, осы ұғымға мемлекеттік органдардан басқа жеке және заңды тұлғалар, шетел азаматтары мен заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғалар кіреді»,-деді Е. Досаев.
«Бұл ретте, «мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушы» тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар болып табылады. Оның ішінде мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынышты ұйымдары, мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтар да бола алады. Заң жобасына қызмет көрсетуді тұтынушылардың, қызмет көрсетушілердің және мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалады»,-деді ол.
Тағы айта кететін жайт, заң жобасы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы және қызмет көрсетушінің сайты мен «электрондық үкімет» веб- порталы арқылы, Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі біртұтас байланыс-орталығына стандарттар орналастыру арқылы электрондық форматта көрсетілетін қызметтердің ретін белгілеп отыр.
Заң жобасына сәйкес, арыз-шағымдарды жеткізушінің және қызмет көрсетушінің қарау мерзімі 5 жұмыс күнінен аспауы, мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын бағалау және анықтау жөніндегі органның мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы керек.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу