Үкіметте Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасының бюджетін орындауды тексеру нәтижесі бойынша кеңес өтті

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалығымен Үкіметте өткен кеңесте Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы бюджетінің орындалуын бақылау бойынша прокуратура органдары, қаржы полициясы мен есеп комитеті жүргізген тексерулердің қортындысы қаралды.

Есеп комитетінің тексеруі қортындысы бойынша 39,1 млрд. теңге қаржы тәртібі бұзушылығы анықталды. Оның 98,1 пайызы процедуралық тәртіпте, 1,8% жергілікті атқарушы органдардың жұмысы барысында бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдалану үлесіне тиеді. 

Процедуралық тәртіп бұзушылыққа бір жыл ішінде игерілмеген қаржыны бюджетке қайтару; құрылыс, нысандарды жаңғырту мен күрделі жөндеуге қатысты мерзімінде құжаттарды ресімдемеу; тікелей және түпкілікті нәтижелерді қамтамасыз етпеу; сандық көлемі көрсетілмегендіктен атқарылатын жұмыстың тікелей және түпкілікті нәтижелерін бағалауға мүмкіндік бере алмайтын облыстар мен аудандар әкімдері арасындағы келісімдерді дұрыс ресімдемеу мәселелері жатады. 

Ал, қаржыны мақсатсыз пайдалану қатарына 2011 жылы 9 сыныпты бітіргендерді кәсіптік оқыту, (2012 жылы Үкімет Бағдарламаға қатысушы ретінде ағымдағы күнтізбелік жылда 11 сыныпты бітірушілердің қатысуын қарастыратын өзгерістер енгізген болатын), атқарылмаған жұмысқа ақы төлеу жатқызылады.

Бас прокуратура тексеруі барысында 2011-2012 жылдары Бағдарламаға тартылған 200 мыңнан астам қатысушының ішінен жалған анықтама, жалған білімі және еңбек кітапшалары ұсынылған 56 дерек анықталды. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары орталық және жергілікті атқарушы органдарға анықталған қаржы тәртібін бұзушылықтарды түзету бойынша кешіктірмей шаралар қабылдау қажеттігін атап көрсетті. 

Сондай-ақ облыстар әкімдеріне Бағдарламаны орындауға бөлінген бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдалануға жол берген лауазым иелерін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту, тіптен қызметіне лайықтылығын жіті қарауға дейін баратын шаралар қолдану тапсырылды. 

Сондай-ақ процедуралық тәртіп бұзушылыққа, тиімсіз жоспарлауға жол берген, соңғы нәтижені қамтамасыз етпеген және заң талаптарын сақтамаған лауазым иелерінің жауапкершілігін қарауға нұсқау берілді.

Сонымен қатар бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуының дұрыстығына мониторинг, бақылау жүргізу бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің жауапкершілігін көтеру тапсырылды. Сапасыз тұрғын үй салу және әлеуметтік нысандарды сапасыз жөндеуге жол берілмеуі керек, осы орайда, еңбек нарығының талабына сәйкес мамандарды оқытып, дайындау қажет,-деді Е.Орынбаев. 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Экономика және бюджеттік жоспарлау және Қаржы министрліктеріне бюджеттік заң бұзушылықтарды жіктеу әдістемелерін жетілдіре түсуді тапсырды. 

«Біздің басты міндетіміз еңбек тиімділігін арттыру, халықты лайықты жұмыспен қамтамасыз етіп, осының негізінде қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге қол жеткізу болып табылады», - деді Е.Орынбаев. 

Премьер-Министрдің орынбасары жоғарғы нәтижелілікке 2013 жылғы 11 маусымда бекітілген «Жұмыспен қамту Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қол жеткізу, оны орындау барысында қазіргі қолданыстағы жұмыспен қамту Бағдарламасының тәжірибесін ескере отырып, барлық ресурстарды іске қосу қажеттігіне тоқталды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу