14 Наурыз 2017, 05:07
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстарына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 2016 жылғы мақсатты көрсеткіштерді орындаудың жоғарғы деңгейі белгіленген. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысы барысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов айтты.
Т. Сүлейменов Бағдарлама бойынша барлығы 3 мақсатты көрсеткіш қарастырылғанын, 2016 жыл қорытындысы бойынша аралық мәндер барлық көрсеткіштер бойынша орындалғанын хабарлады. Нәтижелердің 36 көрсеткішінен үшеуі - аналардың өлімі, қатерлі өскіндері бар науқастардың 5 жылдық өміршеңдігі және бекітілген халық саны орындалмады.
Жалпы, алдын ала жүргізілген мониторинг Бағдарламаның нәтижелілігін көрсетті, бұған ғұмырдың болжамды ұзақтығы; халық денсаулығының индексі және халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі секілді еліміздегі негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны дәлел.
Сонымен қоса, қосымша назар аударуды талап ететін өзге де мәселелер бар. Мысалға, денсаулық сақтау секторының әлеуеті қызмет көрсету секторы ретінде толыққанды іске асырылмаған.
Елімізде заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған бірқатар ірі медициналық орталықтар қызмет көрсетеді. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек белсенді түрде дамуда, бастапқыда ҚР азаматтарына шетелде жасалған бірегей операциялар бүгінде өзімізде жасалуда.
Сондай-ақ, алдын ала деректер бойынша, 2016 жылғы оң көрсеткіш денсаулық сақтау саласына жеке инвестициялар өсімінің байқалуы болып табылады. Сонымен қатар денсаулық сақтаудың ЖІӨ бөлігі ретіндегі оң серпіні байқалды, қазір бұл көрсеткіш 1,9%-ды құрайды. Израиль және Корея секілді елдерде бұл көрсеткіштер 7%-дан астамды құрайды.
«Осылайша, отандық денсаулық сақтау жүйесінің ЖІӨ көрсеткішін ұлғайта алатын секторға айналу мүмкіндігі бар. Сол себепті де Бағдарламада оны одан әрі дамытудың қосымша шараларын қарастыру орынды болмақ, соның ішінде медициналық туристер арасында танымалдылыққа ие елдерден шетелдің жетекші клиникаларын қазақстандық клиникалармен бірлесіп басқаруға тарту, немесе оларды сенімді басқармаға өткізу жағдайын қарастыру. Сонымен қоса, қазақстандық клиникаларда жұмыс істеуге жоғары білікті дәрігерлерді тартуға қолайлы жағдайлар жасауды қарастырған жөн», - деді Т. Сүлейменов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу