Елорданың ШОБ аясында биылғы жылы 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
Астанада бүгінгі таңда 830 мыңнан астам адам тұрып жатса, соның 447 мыңға жуығы экономикалық белсенділер санатына жатады. Сонымен бірге, қаладағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 50 мыңнан асады, елорда әкімінің баспасөз қызметі осындай мәлімет берді.
"Астана қаласы бойынша ағымдағы жылдың басынан жалпы саны 9,4 мың жаңа жұмыс орындары ашылса, оның 6 мыңнан астамы шағын және орта бизнестің үлесінде",-делінген хабарламада.
Бизнес – өзін-өзі жұмыспен қамтудың кеңінен таралған түрі. Астанада еңбекке қабілетті тұрғындардың жартысына жуығы (40 % немесе 180 мыңға жуық адам) шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған.
Айта кеткен жөн, кәсіпкерлік – экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Бұл ретте қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруы, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, осылар арқылы әлеуметтік шиеленіс деңгейінің төмендеуі тікелей осы кәсіпкерлік үдерісіне байланысты екенін атап өту керек.
Астанадағы ірі өндіріс орындарында мыңдаған қала тұрғындары еңбек етуде. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығын жүзеге асыру барысында Аймақтық индустриализация картасы бойынша 3 мың адамды жұмыс орнымен қамтыған, құны 86 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз