ҚР Премьер-Министрі С.Ахметовтің VI Астана экономикалық форумы аясында Көшбасшылар диалогында сөйлеген сөзі


Құрметті диалогқа қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан баршаңызға VI Астана экономикалық форумына және Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдау көрсеткен Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияға қатысқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп отырған Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның басты мақсаты әлемдік экономикада қордаланған проблемаларды шешу жолдарын іздестіру болып табылады. 

Жаһандық экономиканың елдердің беріктігін қатаң сынаққа салған екіұштылық жағдайда қалып отырғаны белгілі. 

Әлемдік экономиканың қалпына келтіру үдерісі тұрақсыз сипат алып отыр, бірқатар елдерде құлдырау байқалып, жұмыссыздық өсті. 

Сондықтан біз әлемдік қоғамдыстыққа қауіп төндіретіндей ірі қатерлердің алдын алуды жүйелі шешуге мүмкіндік беретін әлемдік экономикадағы оң тәжірибелерге кереғарлықтың алдын алу үшін көпжақты қарым-қатынастың мұндай ұстанымдарын қалыптастыруды маңызды әрі көкейкесті деп есептейміз. 

Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ретінде Қазақстан дүниежүзілік қауымдастыққа әлемдік экономикадағы орын алған қатерлерді ашық та кешенді талқылауды және мүмкін жағымсыз салдарды болдырмаудың тиімді үлгісін жасауды ұсынды.

Әлемдік үрдісті талдау экономикалық саясаттың тиімді тәсілдері мен шараларын дұрыс таңдау қажеттігін, оның тұрақты экономикалық өсімді сақтап тұру мақсатында бүкіләлемдік прогресс пен ырыс-берекені арттыру жолында жоғары үндестік табуы керектігін көрсетеді.

Сондықтан Астана экономикалық форумының алаңдарында қазіргі жағдайдағы халықаралық және ұлттық дамудың түрлі аспектілерін қамтитын көптеген мәселелер қаралуда. 

Олар мейлінше маңызды ғаламдық үдерістерді және әлемдік экономика алдындағы қатерлерді дәлме-дәл көрсетуде. 

Атап айтқанда, әлемдік қаржы жүйесінің көкейкесті мәселелері мен перспективалары, инновацияны дамыту, адам капиталы, «жасыл» экономика, интеграциялық үдерістерді қалыптастыру, қазіргі жағдайдағы әлеуметтік даму мен экономиканы жаңғырту мәселелері пікірталас тақырыбына айналды.

Дағдарысқа қарсы конференция аясында талқыланған сындарлы идеялардың ортақ іс-әлемдік экономиканы теңгерімді экономикалық өсімнің жаңа баспалдағына шығаруға серпін беретініне сенімдімін. 

Әлемдік қаржы дағдарысы ғаламдық экономиканың тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етуде мәселелерді бірлесіп шешу қажеттігін көрсетті. 

Күрделі мәселелер мен қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді шешудің негізі ашық диалог пен өзара іс-қимыл, барлық тараптар мен әлем мемлекеттерінің, оның ішінде ғаламдық экономикалық процестерде елеулі орны бар дамушы мемлекеттердің мүдделерін ескеру болуы керек.

Біз әлемдік экономиканың ырғақты дамуына бағытталған, рыноктарға деген сенімді қайтаруға және қаржылық осал тұстарды кемітуге бағытталған халықаралық және ұлттық деңгейдегі қабылданған барлық шараларды қолдаймыз.

Атап айтқанда, қаржылық тұрақтылықты нығайту мен экономикалық үйлесімсіздіктерді азайту бойынша G-20, БРИКС, Азиаттық әріптестікке қатысушы мемлекеттер тарапынан күш біріктіріліп отыр.

Осы форум аясында G-20-ға қатысушы мемлекеттердің кезекті саммитінің қарауына жолданатын Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференцияның Декларациясын дайындау ұсынылды.

Бүгінгі көшбасшылар диалогына қатысушылар бұл Декларацияға өз ойлары мен ұсыныстарын енгізеді деп сенемін.

2012 жылы Қазақстан «G-Global» коммуникативтік интелектуалдық алаңын құруды ұсынғанын айрықша атап өтемін. Ол мемлекеттер арасында ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, сарапшылар мен ғалымдар арасында да жалпыға бірдей өзара түсіністік пен диалог үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Бұл қазіргі күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер бойынша жан-жақты диалогтың дәлме-дәл форматы болып табылады.

Қазақстанның дағдарысқа қарсы қажетті шараларды қарастырып отырғаны баршаға мәлім. 

Мемлекет экономика мен қаржы жүйесін тұрақтандыру бойынша уақытында қажетті шараларды қабылдап, тұтастай алғанда, экономиканың құлдырауына жол бермеді.

Бұған алдымен, экономиканы жаңғырту мен әртараптандыру, жалпы қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал жасауға бағытталған шаралар әсер етті.

Өздеріңізге мәлім, Қазақстан - ашық, экономикасы тез дамып келе жатқан мемлекет. 

2012 жылы жан басына шаққанда ЖІӨ 12 мың доллар деңгейінен асты, бұл Қазақстанның кіріс деңгейі орташа елдердің тобына кіруін қамтамасыз етті. 

Соңғы 10 жылда еліміз экономикасының орташа жылдық өсімі 7 пайыздан асты, бұл 2002 жылмен салыстырғанда ЖІӨ көлемінің екі есеге артуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Біз бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдай туғызуға ұмтылып отырмыз. Дүниежүзілік Банктің бағалауынша, Қазақстан 2012 жылы «Doing Business» рейтингі бойынша 49 орынды иеленді. 

Соңғы 20 жылда елімізге 170 млрд-тан астам доллар шетел инвестициясы тартылды. 

Біз өз бизнесін Қазақстанда жүргізуге ниеттілердің бәрін шақырамыз. 

Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның құрылықтар мен мемлекеттер арасында көлік-коммуникациялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндігі мол. 

Бұл үшін елімізде қажетті қолайлы жағдайлар жасалуда.

Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында құрылған Бірыңғай экономикалық кеңістік инвестиция мен әріптестік үшін үлкен әлеует ашып отыр. 

Бұл - 170 млн. адамды қамтитын жаңа рынок. Мұнда табиғаттың бай қорлары, сондай-ақ қуатты өндірістік, адами, аграрлық, азық-түліктік және сервистік технологиялық әлеует бар.

Біз сонымен қатар баламалы энергетика көздерін дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. 

Астана басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» деп аталатын «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдап алынды. 

Бұл «жасыл» экономика принципіне өтудің нақты қадамы болады. 

Біз инвесторлар мен елдерді осы салада әріптестікке шақырамыз. 

Бұл бірлескен іс-әрекет пен халықаралық іс-қимыл үшін үлкен алаң болып табылады.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық пен түрлі форматтағы өзара іс-қимыл үшін әрқашан есігі ашық.

Сөзімнің соңында, біз VI Астана экономикалық форумы мен Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференция барысында айтылған барлық бастамалар мен ұсыныстарға аса көңіл бөлетінімізді айтамын.

Сіздерге форум мен конференция жұмыстарына қатысқандарыңыз үшін тағы да үлкен ризашылығымды білдіремін.

Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Назарларыңызғы рахмет.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу