Жедел жеткізу, жүздеген жаңа жұмыс орны — С. Сәрсенов электронды сауда әлеуеті туралы

Цифрлық Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері елімізде электронды сауданы дамыту саласында оң қарқын байқалып отыр.

Электронды сауданың пошталық әкімшіліктердің өсуінің негізгі қозғаушы күші ретіндегі бүкіл әлемдегі және Қазақстандағы қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы РrimeМinister.kz АА-ға берген эксклюзивті сұхбатында «Қазпошта» АҚ компаниясының басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов айтып берді.

— Сәкен Сейтжаппарұлы, Қазпошта елімізде электронды сауда операторы ретінде анықталған. Аталған саланы елімізде одан әрі дамыту үшін не жасалып жатыр?

 

 

— Электронды сауда нарығы күллі әлемде қарқынды түрде дамып жатыр. Қазақстан бүгінде электронды сауданы дамытудың бастапқы сатысында тұр деуге болады. Егер әлемде электронды сауда нарығының орташа өсімі 15-20% құраса, бастапқыда ол 30-40% құрады, Қазақстанда электронды сауда дамуының елеулі серпіні байқалуда. Жылына ол шамамен 35-40%-ға артады. Бұл жалпы нарық үшін және оффлайннан онлайнға өту үшін өте жақсы көрсеткіштер. Сандармен айтар болсақ, бүгінде Қазақстанда электронды коммерция нарығы шамамен 300 млрд тг құрайды. Біздің бағалауымыз бойынша алдағы бес жылда ол 2 трлн теңгеге дейін өседі. Яғни, егер бөлшектеп сатудағы үлесі шамамен 2,9% құраса, онда 5 жылдан кейін ол 24% құрауы тиіс.

Үкімет электронды коммерция саласының дамуына баса көңіл бөлуде, соның ішінде «Қашпочта» пошта инфрақұрылымын дамытумен айналысады. Электронды сауда нарығы — онлайн режимінде тауарлар сататын кәсіпкерлер. Бұл, сонымен қатар, онлайн төлемдер, яғни онлайн режимде ақы төлеу немесе пошташыға немесе курьерге тауарды жеткізген кезде ақысын төлейтін шарт бойынша төлем мүмкіндіктері. Қазіргі таңда нарық қысқа уақыт ішінде және жеткізілім құнының арзан бағасымен тауарды жедел жеткізуді талап етеді. Біз осымен айналысамыз. Үкімет қажетті заңнамалық актілерді қабылдады. Мәселен,  өткен жылы кәсіпкерлерге онлайн саудамен айналысуға мүмкіндік беретін салықтық преференциялар қабылданды. Көптеген салықтық жеңілдіктер енгізілді. Биыл заңнамаға тағы да бірқатар түзетулер қабылданды: экспорттық рәсімдер жеңілдетілді. Бұған дейін, егер сіз онлайн сатқан болсаңыз, онда көптеген құжаттарды, кедендік декларацияларды толтыру қажет болған еді. Енді бұл процесс жеңілдетілді, барлығын пошта құжаттары арқылы рәсімдеуге болады. Кәсіпкерлерге ештеңе істеудің қажеті жоқ. Бүгінде транзиттерді дамыту үшін Хоргос арқылы Қытайдан Еуропаға және Таяу шетел елдеріне электрондық коммерция тауарларының, яғни, сәлемдемелердің өте үлкен ағындарын жеткізуге мүмкіндік беретін заң жобасы қабылданды. Тауарларды онлайн сатумен айналысқысы келетін және бұрыннан айналысып жүрген азаматтар жақын келешекте әжептәуір ақша табу мүмкіндігіне ие болып, олардың бизнесі тез өседі деп үміттенемін.

— Таяу келешекке деген жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз.

— Егер «Қазпошта» туралы айтатын болсақ, онда біздің бизнес екі түрге бөлінеді. Бұл – қаржылық және пошталық бизнес. Қаржылық бизнеске келер болсақ, онда біз бәрін цифрлық форматқа ауыстырамыз, яғни онлайн режимінде жұмыс істейміз. Қазіргі сату арналары, сіздердің бөлімшелерге келіп, кезекке тұрып, біздің қызметтерімізді алуыңызға елеулі шығын жұмсалады. Сондықтан, біз осының бәрін онлайнға аударуымыз керек.

Пошта бизнесі туралы айтар болсақ, бізге жеткізу уақытын қысқарту керек. Цифрландыру, бағдарларды оңтайландырудың арқасында, біз көп нәрсеге қол жеткіздік. 2017 жылдан бастап біз сәлемдемелерді жеткізу мерзімін 16 күннен 6 күнге дейін қысқарттық. Қазір біз ауқымды жұмыстар жасап жатырмыз. Шамамен жаздың ортасынан бастап сәлемдемелерді жеткізу мерзімі 3 күнге дейін қысқартылады. Кез-келген сәлемдеме үш күнде жетуі керек. Сондай-ақ таңертең салып жіберіп, кешке басқа қалаға жеткізілетін экспресс-пошта қызметі бар. Біз осы бағытта үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Қызметкердің қатысуынсыз, автоматтар арқылы қызметтерді ала беруге болатын цифрлық офистер ашып жатырмыз. Сонымен қатар, бізде жаңа қызмет – әмбебап агент пайда болды. Біз ауылдық жерлерде осындай жабдықтарды орналастырып жатырмыз, бұл біздің ауылдық жерлердегі клиенттерімізге әртүрлі қызмет түрлерін — ХҚКО, медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері және т.б. көптеген қызметтерін қашықтан алуға мүмкіндік береді.

— Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстандағы электрондық коммерция нарығының өсу қарқыны қандай? ҚР-да қанша онлайн-дүкен бар? Қанша қазақстандық шетелдік интернет-дүкендерден тауарлар сатып алады, оларды онлайн-шопингте не қызықтырады?

— Қазақстанда айына бір рет тауарларды онлайн режимде сатып алатын сатып алушылардың саны бүгінде 2,3 млн адамға жетті. Біздің болжамымыз бойынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсуі тиіс. Онлайн-сатып алуларға адамдар уақыт өткен сайын көбірек қызығушылық танытуда. Біздің бағалауымыз бойынша, шамамен 2025 жылы осындай адамдар саны 12 млн-нан асуы керек. Бүгінде бұл қандай да бір заттарды сатып алу ғана емес. Біздің күнделікті өмірімізге концерттерге, ұшақтарға, пойыздарға билеттер сатып алу, тамақ сатып алу кіреді. Өсу динамикасына келер болсақ, таяу уақытта электронды коммерция 40%-ға дейін өседі деп ойлаймын, себебі нарық қазір молықтырылып жатыр және онлайн-бизнеспен айналысатын адамдар саны да артуда.

Егер ішкі нарық және шетелден сатып алулар туралы айтатын болсақ, онда 50-ден 50-ге дейін тепе-теңдік. Біздің тұрғындар ішкі нарықтан да, шетелден де сатып алады. Олар негізінен Alibaba, AliExpress, Amazon, Ebay секілді танымал алаңдардан сатып алады. Бізде онлайн-бизнеспен айналысатын 1700-ге жуық кәсіпкер және 20-ға жуық ірі интернет-алаң бар, онда халықтың 80%-ы тауарларды сатып алады.

— Сәлемдемелерді межелі жеріне дейін жеткізуді қадағалау  жүйесі туралы айтып берсеңіз. Клиенттер мұны қалай бақылай алады?  

— Біздің бизнестің басты талабы — клиенттің өзінің тауары қай жерде жеткізіліп жатқанын анық түсінуі. Бұл – тауарлардың сақталуы мен олардың уақытында жеткізілуінің кепілі. Біз трекинг қызметін ұсынамыз. Осы жылдың қаңтар айында жаңа пошталық есеп жүйесі енгізілді, онда клиентке өзінің сәлемдемесінің жеткізілу жолын бақылауға мүмкіндік береміз. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Ол біздің сайтымызда және мобильді қосымшада қолжетімді. Ол push-хабарландырулармен, sms-хабарламалармен реттеледі.

— Сәлемдемелердің жеткізілуіне және қауіпсіздігіне жауапты қызмет қалай жұмыс істейді? Клиенттер тауарлардың жеткізілуіне қатысты сұрақтарға жауап алу үшін қайда жүгіне алады?

 

— Бізбен әртүрлі байланыс арналары бар. Біріншіден, байланыс орталықтары. Бізде 99 байланыс орталығы бар. Екінші бағыт – біздің сайтымызда, фэйсбукте барлық байланыс нөмірлері жазылған. Біз интерактивті жұмыс істейміз. Жақын арада біз чат-ботты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл зияткерлік жүйе біздің жүйелерімізден жауаптар шығаратын және клиенттерге жауап беретін қызмет. Қызметтердің көпшілігін машинамен байланыс деп аталатын форматқа аударғымыз келеді. Бұл жұмысты жақын арада бастауды жоспарлап отырмыз.

— Мобильдік банкинг қалай дамып келеді, қанша адам осы қызмет түрін пайдаланды?

 Әлемдік нарықта барлығы қолма-қол ақшасыз жүйеге көшіп жатыр. Бізде де мықты ойыншылар бар. «Қазпошта» да осы бағытта жұмыс істейді. Бізде мобильді қосымша, мобильді банкинг қызметі бар. Біздің жүйеде шамамен 650 мың белсенді пайдаланушы бар. Күнделікті 100 мың пайдаланушы мобильді банкинг қызметін пайдаланады. Егер 2017 жылы бұл қосымша арқылы транзакциялар бар болғаны 1 млрд теңгені құраса, биыл біздің мобильді қосымшалар арқылы 15 млрд теңгеге тауар айналымы болады деп күтілуде. Әрине, бұл соншалықты жоғарғы көрсеткіштер емес, дегенмен 2 жылда бұл сандар шартты түрде 15 есе өсті. Бұл үрдіс жақын арада сақталады деп ойлаймын. Таяу уақытта біздің мобильді платформалар арқылы айналатын жүздеген миллиардтаған теңгені бақылайтын боламыз.

— Қазіргі таңда елімізде қанша франчайзинг бөлімшесі жұмыс істейді? Қазақстандықтарға франчайзинг арқылы негізінен қандай қызметтер көрсетіледі?

— Франчайзинг – біздің басты драйверіміз. Себебі Қазақстанда бізде 4 мыңға жуық бөлімше бар. Олардың 70% ауылдық жерлерде орналасқан. Өкінішке орай, олардың көпшілігінің шығыны көп. Үкіметтің «Қазпошта» міндетті түрде ауылдық елді мекенде орналасуы керек деген талабы бар. Әкімдік және басқа да жергілікті атқарушы органдар жоқ, тек «Қазпошта» ғана бар 800 ауыл бар. Былайша айтқанда, ол жерлерде Қазпошта биліктің жалғыз өкілі, сыртқы ортамен жалғыз байланыс. Біз мұны түсінеміз. Бүкіл әлемде пошта ұйымдары франчайзингке қарай дамуда. Сол ауылда  дүкен болса, біз дүкен иесіне дүкенде пошта бөлімшесін орналастыруды сұраймыз, ал ол біздің атымыздан барлық қызмет түрлерін ұсынатын болады. Заңнама бұған мүмкіндік береді және біз бол модельді қолданамыз. Қазіргі таңда біз Қазақстанда франчайзингтік үлгі бойынша 224 бөлімше аштық және таяу уақытта олардың санын ұлғайтуды көздеп отырмыз. 2017 жылы 3500 бөлімше болды, 2019 жылдың соңына дейін Қазпоштаның 4000 бөлімшесі болады. Олардың бір бөлігі — франчайзингтік үлгімен құрылған. Таяу 5 жылда бөлімшелер санын 5 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бөлімшелердің көбісін франчайзингтік серіктестер есебінен орналастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл шығындарды азайтуға, кәсіпкерлерге бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға және қолданыстағы бизнеске жақсы кіріс пен қосымша клиенттер ағынын әкелетін бизнестің бір бөлігін қосуға жол ашады. Бұл — мемлекеттік компания мен шағын және орта бизнес арасындағы жақсы синергия.

— Сәкен Сейтжаппарұлы, «Рaypost» интернет-эквайрингі қандай нәтижелер көрсетіп тұр?

— Бұл мобильді банкинг пен интернет-банкингтің құрауыштарының бірі. Бұл қызметті жақында ғана іске қостық. Онлайн-бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге бұл қызметті өте тиімді бағамен ұсынып отырмыз. Сәлемдемелердің көп болуы біз үшін өте маңызды. Бүгінде шамамен 67 кәсіпкер интернет-эквайринг жүйесіне қосылды, ай өткен сайын транзакциялар өте жылдам қарқынмен өсуде. Жыл соңына дейін бұл транзакциялар миллиардтаған теңгеге тең болады деп ойлаймын.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу