Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен 2674 үйдің барлығында техникалық қадағалау және бағалау жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде тұрғындардың шығындары толық өтелді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
Бүгінде зардап шеккен тұрғындар үшін Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, «Болашақ» шағын ауданынан бір типті 100 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
«Биыл су тасқыны салдарынан 25 электр желісінің бағаны, 3 трансформаторлық қосалқы станциясы 930 м болатын газ желісі және 33 газ реттеу жәшігі зақымданды. Бүгінде аталған барлық кемшіліктер жойылып тұрғын үйлерге электр жарығы, газ желісі толығымен берілді. 30 км құрайтын 11 көлік учаскесі, 6 көпір, 11 білім беру нысандары су тасқынынан зардап шеккен болатын. Қазіргі таңда, жұмыс жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін толығымен аяқтаймыз», — деп мәлімдеді өңір әкімі.
Келтірілген мәліметтерге сәйкес, ауыл шаруашылығындағы мал шығыны бойынша 208 өтініш түсіп, барлығына 274 млн теңге көлемінде төлемақы аударылды. Зардап шеккен 337 кәсіпкер бойынша облысымыздан арнайы комиссия құрылып, 301 кәсіпкерге 4,1 млрд теңге көлемінде қаражат төленді.
Сөзін қорытындылаған облыс әкімі Серік Шәпкенов су тасқыны кезінде облысқа қолдау білдіргені үшін Үкіметке өңір халқының атынан алғысын білдірді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу