ҚР Үкіметінің отырысы, 02.06.2026

2 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайлары мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, сондай-ақ ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ағымдағы нәтижелер мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде өндірісте зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін 479 мың қызметкерді қамтитын шаралар кешені жүзеге асырылуда. 2024 жылмен салыстырғанда өндірістегі жазатайым оқиғалар саны 4,5%-ға  төмендегенін жеткізді. Ал, өлімге әкелген жазатайым оқиғалар саны 7,9%-ға азайды. Зардап шеккендердің ең көп үлесі тау-кен металлургия кешені (16%), құрылыс саласы (10%) және мұнай-газ секторы (5%) кәсіпорындарында байқалады.

ҚР төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ол өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде Министрлік өндірістік авариялардың туындау қаупі мен соның салдарынан болатын адам өлімін азайту бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары нығайтылып, өндірістік бақылауға, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттауға қойылатын бірқатар талап күшейтілді, тозған жабдықты уақтылы жаңарту жоспарын келісу міндеті белгіленген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Министрлік Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, металлургия саласында жаңғыртуды қажет ететін 50 ірі кәсіпорын айқындалған. Осы кәсіпорындардың жұмысын бақылау үшін Техникалық қайта жарақтандыруды бақылау картасы әзірленді.

Премьер-министр Президент еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері баса назар аударатынын атап өтті. Кәсіптік тәуекелдерді азайтуға, өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударылуға тиіс. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу