ҚР Үкіметінің отырысы, 04.11.2025

4 қараша күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.

2025 жылғы егін жинау науқанының қорытындылары мен спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты қолдау мәселелері қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндама жасады.

Айдарбек Сапаров биыл дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар егіс алқаптарын әртараптандыруға баса назар аударылып, бұршақ және майлы дақылдар сияқты негізгі жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар бойынша да рекордтық жыл болғанын атап өтті.

Бүгінгі таңда республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды – бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді.

Премьер-министр негізгі міндет жиналған егінді сақтау және тиімді жүзеге асыру екенін атап өтті. Астықты уақтылы кептіруді және оны элеваторларға толтыруды қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды.

Ербол Мырзабосынов бүгінде ел бойынша 25 760 спорт ғимараты бар. Оның ішінде мемлекеттік меншікте – 23 678, жеке меншікте – 2082 объект. 1 298 нысан жөндеуді қажет етеді деді.

Олжас Бектенов жаңа нысандарды салудың ғана емес, қолданыстағы спорт ғимараттарын тиімді пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу