ҚР Үкіметінің отырысы, 09.09.2025

9 қыркүйек күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.

Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша өзге де – цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалды.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында негізгі бес бағыт: жаңа инвестициялық циклді іске қосу, Alatau City дамыту, инфляцияға қарсы күрес, импортқа тәуелділікті азайту, сондай-ақ экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс жалғасатынын айтты.

ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев цифрландыруды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі негізінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Бұл ретте инновациялық саясат жөніндегі функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі. 

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлік бірқатар жүйелі шаралар қабылдайтын болады. Өсімдік шаруашылығында қаржылық қолдаудың арқасында соңғы екі жылда барлық мәселелер жүйелі түрде шешіліп, салада тұрақты даму қарқыны қалыптасты. Енді мал шаруашылығы саласын тұрақты дамыту үшін жеке Кешенді жоспар әзірленетін болады.

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Елімізде халықаралық 5 теміржол және 8 автомобиль көлік дәлізі жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымал 34,6 млн тоннаға жетті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артық. Аталған көрсеткішті 2029 жылға қарай 67 млн тоннаға, ал 2035 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.  Су шаруашылығы саласын жаңғырту және орнықты дамыту міндеттерін жүйелі түрде шешу мақсатында министрлік 2030 жылға дейінгі саланы дамыту тұжырымдамасын, Су шаруашылығын дамыту кешенді жоспарын және жаңа Су кодексін қамтитын кешенді құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырды. 2024 жылғы шілде айында білікті мамандар тапшылығын кешенді шешуге бағытталған мамандандырылған бейінді жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Мемлекет басшысының 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін министрлік келесі шараларды жүзеге асыруда. Бірінші, Үкіметтің қолдауымен әлеуметтік қорғау жүйесін трансформациялауға кірісті. Мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің санаттық қағидатынан мұқтаждықтың ашықтық пен объективтік критерийлеріне көшу жүзеге асырылып жатыр.

ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау шеңберінде білім беру саласында жасанды интеллектіні дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Ол Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында инновациялық саясатқа қатысты функциялар Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетінін атап өтті.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, Президент атап өткен курорттық аймақтардағы кемшіліктерді жою үшін оларды дамытуға арналған Жол картасының жобасы әзірленді. Бұдан бөлек, шетелдік туристерді тарту мақсатында Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар жасалды. Негізгі жоба ретінде «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» біріктіретін бірыңғай тау-шаңғы жүйесін құру көзделіп отыр.

ҚР денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында медициналық ұйымдардың құрылысы, реконструкциясы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Олжас Бектенов Жолдау алдағы инновациялық және инфрақұрылымдық өзгерістерге бастау бергенін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің одан әрі жедел инновациялық дамуына зор серпін береді. Қазақстанның болашағы – технологиялық өрлеумен байланысты, сондықтан Президент үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды.

Премьер-министр Мемлекет басшысы өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында экономиканың барлық саласында  жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуге басымдық бергенін атап өтті. Ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу мемлекеттік басқарудың заманауи технологиялық жүйесін құруға мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру әртараптандырумен қатар, бүкіл отандық экономиканы кешенді түрде жаңғыртуға және Қазақстанды жаһандық аренада бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытуға ықпал етеді.

Олжас Бектенов Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қолдау шараларының барлық өңірлерге арналған бірыңғай стандартын әзірлеуді тапсырды. Барлық күмәнді және тиімсіз әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар алынып тасталуы керек. Әлеуметтік әділеттілікті сақтап, масылдық пиғылды азайту үшін шаралар қабылданбақ. Үкіметтің міндеті – барлығына бірдей жағдай жасау, ал азаматтар жұмыс істеп, өзін және өз отбасын асырауға ұмтылуы керек.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу