ҚР Үкіметінің отырысы, 09.12.2025

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.

Онда алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ, көлік-транзит саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, қаржы министрі Мәди Такиев, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов және «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев баяндама жасады.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық кезеңдегі қауіптер мен диқандарды сумен қамтамасыз етудегі алдын алу шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, оңтүстік өңірлерде су аз цикл сақталып отыр. Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеген, ал Нарын-Сырдария каскадының ірі резервуарларындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге аз. Осыған байланысты суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Үкімет су ресурстарын қатаң реттеуге көшуде.

Премьер-министр басты міндет суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу екенін атап өтті. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алуы тиіс.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бүгінгі таңда көлік саласы экономиканың өсу драйверлерінің біріне айналғанын атап өтті. Осы жылдың 10 айында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Көлік қызметтерінің көлемі 20,7%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4%-ға артты. Ал транзиттік жүктердің көлемі 29,4 млн тоннаға жетті, оның өсу деңгейі 5%-ды құрайды.

ҚР қаржы министрі Мәди Такиев кедендік әкімшілендіру саласында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

«Қаржы министрлігі, көлік-транзит саласын дамыту аясында, кедендік әкімшілендіруді цифрландыру мен өткізу пункттерін жаңғырту бойынша кешенді жұмыс атқаруда. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталып, шекарада ашық және өнімділігі жоғары жүйені қалыптастырады. Біріншіден, Кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша, бірыңғай Keden платформасына көшу жұмыстары аяқталып жатыр. Ол қолданыстағы үш жүйенің орнына, негізгі рәсімдерді автоматтандыруды қамтамасыз етеді», — деді ол.

ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Үкімет отырысында көлік саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп көлік саласының цифрлық трансформация картасын бекіткенін атап өтті.

Премьер-министр Президент Жолдауын жүзеге асыруда басым бағыттардың бірі жүк қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізу, мемлекеттік және жеке цифрлық платформаларды интеграциялау үшін толықтай цифрлық шешімдерді, оның ішінде Smart Cargo экожүйесін енгізу екенін атап өтті. Алайда, бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. Премьер-министр Көлік министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін сервистер мен ақпараттық ресурстардың толық интеграциясын аяқтауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу