11 тамыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Жасанды интеллект негізінде мемлекеттік қызметтердің жаңа экожүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды. Мемлекеттік қызметтерді одан әрі цифрландырудың және мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылына ЖИ енгізудің түйінді бағыттарына назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков баяндама жасады.
Мемлекеттік қызметтер саласына жасанды интеллектіні енгізу, саланы түбегейлі әрі сапалы трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Ол осы уақытқа дейін әр мемлекеттік орган өз жүйелерін дербес әзірлегенін атап өтті. Әртүрлі технологияларды және деректерді қорғаудың түрлі тәсілдерін қолданды. Дайын шешімдердің қайталануы орын алды. 1 сәуірден бастап цифрлық өнімдерді әзірлеуге арналған бірыңғай орта – QazTech платформасы іске қосылды. Инфрақұрылым жұмысы 24/7 тұрақты бақылауда. Security by Design заманауи қағидаты киберқауіпсіздік талаптарын жобалау кезінен бастап енгізуге мүмкіндік береді. Ал DevSecOps құралдары қорғалу деңгейін әзірлеу, тестілеу және пайдалану кезеңдерінде автоматты тексереді. Вайб-кодингті де енгізіліп жатыр. Жасанды интеллект әзірлеушілерге бағдарламалық кодты жылдам әрі қателерді азайта отырып жазуға көмектеседі. Осының барлығы бұрынғы модельден бас тартуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде әлеуметтік қорғаудың негізгі процестерінде қолданылады. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Министрлік әлеуметтік-еңбек саласына цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізуде. Негізгі мақсат – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді азаматтар үшін жылдам, жеңіл және қолжетімді деңгейіне жеткізу. Негізгі басымдық өтініш білдіру қағидатынан проактивті модельге көшуге берілді. Бұл модель аясында мемлекет азаматтың қолдауға қажеттілігін алдын ала анықтап, оған қажетті нәтижеге қол жеткізгенге дейін сүйемелдейді.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтің айтуынша, жасанды интеллектіні пайдалана отырып проактивті бақылау енгізіледі. Бұл модульде кідірістер, ұзақ уақыт аяқталмай тұрған атқарушылық іс жүргізулер, мерзімдердің бұзылуы және жедел әрекет етуді талап ететін өзге де проблемалық мәселелер анықталатын болады. Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің белсенді қолдауымен Әділет министрлігі жаңа цифрлық E-Notary платформасын іске қосуда. Ол қолданыстағы цифрлық шешімдердің тәжірибеде анықталған мәселесін жойып, нотариаттық әрекеттердің ашықтығы мен оны бақылаудың жоғарғы деңгейін қамтамасыз етеді. Платформада нотариустың әрбір әрекеті тіркеліп қана қоймай, нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіру жүйесін интеграциялау алғаш рет көзделген. Бұл есептік деректерді заңсыз пайдалануды жояды және ақпараттық қауіпсіздік деңгейін барынша арттырады.
Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков мемлекеттік қолдау шараларын eGov Business порталы арқылы цифрландыру және атаулы мемлекеттік қолдау көрсету мен деректер негізінде шешімдер қабылдаудың негізі ретінде Кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін дамыту бағыттарындағы цифрлық трансформацияның екі бағыты туралы баяндады. Бүгінде елімізде мемлекеттік қолдаудың 150 шарасы бекітілген. Олардың 63-і электрондық форматта қолжетімді, ал 87 шара әзірге қағаз түрінде көрсетіледі және цифрландыруды қажет етеді. Бұл ретте қағаз процестерді жай ғана электрондық форматқа көшіруді емес, алдымен оларды реинжинирингтен өткізіп, артық әрекеттер мен әкімшілік кедергілерді алып тастау ұсынылады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов цифрландыруды одан әрі дамыту бағытындағы бірқатар басым міндетті айқындады. Бүгінде азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді. Олжас Бектенов Жасанды интеллект министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биыл бірден көрсетілетін форматқа көшіруге болатын қызметтердің тізбесін айқындауды тапсырды. Бұл ретте көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау немесе соттылығының бар-жоғы туралы анықтама беру сияқты қызметтерді үлгі етіп алуға болады деп атап өтті Премьер-министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз