ҚР Үкіметінің отырысы, 12.08.2025

12 тамыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов баяндама жасады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде білім сапасын одан әрі арттыру, орта білім беру, мектепке дейінгі тәрбиелеу саласын жетілдіру және дамыту, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 16 мамырдан 10 шілдеге дейін 46 өңірлік тестілеу орталықтарының базасында өткізілгенін хабарлады. Оған 210 мыңнан астам талапкер қатысқан, оның ішінде 160 мың адам немесе 76,35%-ы ҰБТ шекті балын еңсерген.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектептердің медициналық пункттермен жабдықталуы туралы, халықаралық жобалар туралы, оқушыларды тамақтандырудағы жаңашылдықтар туралы айтты.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев еліміздің әрбір оқушысы заманауи технологияларға, білім мен даму мүмкіндіктеріне тең және сапалы қолжетімділікке ие болуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Үкімет отырысында жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Премьер-министр еліміздің 9 өңіріндегі 15 мектептің құрылысын аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет екенін атап өтті. «Самұрық-Қазына» қорына әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырды. Сонымен қатар еліміздің мектептерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау қажет екенін айтты. 

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бірыңғай қауіпсіздік жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы керек екенін атап өтті. Білім беру мекемелерінде лицензиясы бар күзет, турникеттер, жедел басқару орталықтарына қосылған камералар міндетті түрде болуға тиіс. Мұның барлығы оқу орындарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне кепілдік береді. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу