ҚР Үкіметінің отырысы, 13.01.2026

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Cумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. 

Қуандық Қажкенов Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының толық орындалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ауыл халқының 90%-ы және қала халқының 97,5%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Бұл мақсаттарға бюджеттен шамамен 835 млрд теңге бөлінген. Ұлттық жоба аясында коммуналдық секторға әртүрлі қаржы көздерінен  1,9 трлн теңге тарту жоспарлануда. Оның аясында 2,8 мың шақырым су бұру және 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілері, сонымен қатар 45 қалада кәріз тазарту құрылғылары жаңартылады

Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылы республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта құру бойынша жалпы сомасы 103,2 млрд теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асырылды. 2026 жылы 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ. 

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев елімізде суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, су саласының 9 негізгі бизнес-процестеріне реинжиниринг жүргізілген. Ал, нысаналы модель электрондық рәсімдерге көшуді, бірыңғай тізілімдер мен орталықтандырылған деректер жиынтығын құруды, су пайдаланушының жеке кабинетін енгізуді және салыстырып қарау мен тексерулерді автоматтандыруды көздейді. Нәтижесінде мерзімдер мен кезеңдердің қысқаруы, ашықтықтың өсуі және қателіктердің төмендеуі күтіледі; процедуралар 51 %-ға жеңілдейді. 

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге су сапасына бақылауды күшейтіп, желілердің тозуына қатысты тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру қажет екенін айтты. Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері оңтүстік өңірлерде  суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіре отырып бекіту туралы тапсырма берілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу