15 Қыркүйек 2025, 16:47
15 қыркүйек күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндама жасады.
Оның айтуынша, жоспар 8 бағыт бойынша 87 іс-шарадан тұрады: инвестициялық саясат және қаржы секторын дамыту; өнеркәсіптік негізді нығайту; ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа серпіні; көлік-логистикалық және туристік әлеуетті жүзеге асыру; ТКШ және су инфрақұрылымын жаңғырту; кәсіпкерлік экономиканы дамытудың қозғаушы күші; адами капиталды дамыту; парламенттік реформа жүргізу.
Премьер-министр Үкімет Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Үкімет отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол полиция қызметкерлері жыл сайын 13 млн жол қозғалысы ережесін бұзу дерегінің жолын кесетінін атап өтті. Жол-көлік оқиғаларының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алады.
Олжас Бектенов қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азаймай отырғанын атап өтті. Көп нәрсе жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу