ҚР Үкіметінің отырысы, 16.06.2026

16 маусым күні Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында теміржол саласын дамыту мәселелері қаралды. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов, сондай-ақ Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарының әкімдері  баяндама жасады.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қазіргі таңда теміржол саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, саланың барлық негізгі объектілері бойынша «деректер көлі» – Data Lake қалыптастыруда. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен аналитиканы қолдану арқылы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жылжымалы құрамды жаңғырту туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда 433 локомотив сатып алудың нәтижесінде еліміздегі сүйреу құрам тапшылығы мәселесі толық шешімін тапты. Бұл магистральдық локомотивтердің орташа тозуын 66%-дан 58%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жолаушылар секторында 5 жыл ішінде тозу 46%-дан 36%-ға дейін қысқарды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінде сектордың машина жасаудағы үлесі 13%-ды құрап отыр. Салада 60 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 8 мыңнан астам адам еңбек етуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 22,5%-ға өсіп, 734 млрд теңгеге жетті.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудың кілті саналатын теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтау жоспарлануда деп атап өтті Премьер-министр. Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу