18 Наурыз 2025, 17:40
18 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында креативті индустрияны дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру мәселелері қаралды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, сондай-ақ шығармашылық орта өкілдері баяндама жасады.
Жиын барысында Премьер-министр Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өскенін, кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болғанын атап өтті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, еліміздегі креативті индустрия экономикалық қызметтің 43 жіктеуішін қамтитын 12 бағыттан тұрады. Бүгінде креативті индустриямен айналысатын тіркелген субъектілер саны 45,5 мыңнан асады, еліміздің ЖІӨ-дегі жалпы қосылған құнының үлесі 1%-ды құрап отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәдениет және өнер саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік қызметтің 21 түрін көрсетіп отырғанын жеткізді. Оның 12-сі толық, 8-і ішінара автоматтандырылған. 2024 жылы шамамен 530 мың мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 67%-ы электронды форматта ұсынылған.
Премьер-министр Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамытуды қолдау шараларын әзірлеу бойынша міндеттер қойғанын баса айтып, тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Кірістердің ашықтығын және авторлық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «е-Кино» платформасын іске қосу қажеттігін айтты. Құжаттарды сақтау және архивтер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында «е-Архив» ақпараттық жүйесін одан әрі дамытуға, қолда бар деректерді «Батырларға тағзым» онлайн-платформасымен үйлестіру жұмыстарын аяқтауға назар аудару қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу