18 тамыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.
Жаңа оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ішкі істер министрі Ержан Саденов, жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндама жасады.
Оқу жылының басында Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен үлгілік оқу жоспарларды жаңартылған негізгі Заңның ережелеріне сәйкес келтірді. Бұл туралы ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Министрдің мәліметінше жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні, 8-11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналды және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасында кадрларды оқыту мәселелерінде өзара іс-қимылды жолға қою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Министр жоғары оқу орындарының жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастығына мысал ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жұмысты атап өтті. 2026-2027 оқу жылына студенттер контингентін қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалар денсаулығын сақтау, аурулардың профилактикасы – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі басымдықтары екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда мектептердегі медпункттердің жарақтандырылу мен қызметкерлермен қамтылу деңгейі 95%-ға дейін ұлғайған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2,3 млн бала, яғни жылдық жоспардың 52%-ы профилактикалық тексеруден өтті, қалғандары жыл соңына дейін өтеді. Патологиясы анықталған балалардың динамикалық қарауға жататын 36%-ы бақылауға алынды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында барлық білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша тексерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында жаңа оқу жылына дайындық шараларын қабылдауда. Министр білім беру нысандары қауіпсіздік талаптары бойынша толықтай тексерілгенін атап өтті. Жалпы, мекемелер тарапынан тиісті жұмыс жүргізілуде. Бүгінде ұйымдардың 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған.
Биылдан бастап мектептердің тамақтану қызметтеріне ақы төлеу тек «Әлеуметтік әмиян» цифрлық жүйесінің расталған деректері негізінде жүргізіледі. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Вице-министр жаңа оқу жылына мектептердің цифрлық инфрақұрылымының дайындығы туралы айтып, интернеттің қолжетімділігі мен сапасына тоқталды. Бүгінде мектептердің 92 %-ы жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Қазірдің өзінде 1 276 мектепте интернет жылдамдығы 100 Мбит/с-тен жоғары. 2027 жылға қарай олардың санын 3 222-ге, ал орташа жылдамдықты 90 Мбит/с-ке жеткізу жоспарланған.
Премьер-министр үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар екенін атап өтті. Бұл ретте өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамтамасыз ету мәселелерін қазірден шешу керек. 1 қыркүйекке дейін еліміздегі 106 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға тиіс екеніне бөлек назар аударылды. Премьер-министр бірқатар өңірлерде 13 мектеп бойынша жұмыс қарқыны баяу екенін атап өтті. Олардың қатарында Алматы қаласы, Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан және басқа да облыстар бар. Аталған өңір әкімдеріне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын тікелей бақылауға алу тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз