21 Қаңтар 2025, 18:40
21 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалағымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы барысы қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.
2024 жылы аумақтарды тазалау бойынша жыл сайынғы ауқымды экологиялық акциялардың саны 62-ден 183-ке көбейді. Мәселен, 2019-2023 жылдары оған 2,4 млн адам қатысып, 900 мың тонна қоқыс жиналған, шамамен 2,5 млн жасыл желек отырғызылды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша экологиялық акцияларға 6,2 млн адам қатысып, 1,1 млн тонна қоқыс жиналды, шамамен 1,6 млн түп ағаш егілді.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» акциясының азаматтардың мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, жалпыадамзаттық құндылықтарды қолдау және табиғатты қорғаудың жаңа идеологиясын қалыптастыру мәселесіндегі маңызын атап өтті. Акция экологиялық ахуалды жақсарту бағытында кешенді іс-шаралар көзделген 2029 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдама мәртебесіне ие болғаны атап көрсетілді.
Әкімдіктерге тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін жаңа полигондар мен зауыттар ашып, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою және алдын алу жұмыстарын уақтылы жүргізу міндеті қойылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар өз өңірлерінде орман тәлімбағын құрып, ағаш көшеттерінің жерсініп кетуін қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Үкімет отырысында ІТ-қызметтер мен өнімдер экспортын дамыту мәселелері қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Үкімет басшысы инновациялық кластерге айналған Astana Hub технопаркі көптеген стартаптар үшін негізгі серіктес атанғанын мысалға келтірді. Технопарк қатысушыларына салық және визалық жеңілдіктер берілгені, ақпараттық-білім берумен қолдау және бизнесті дамытуға арналған бағдарламалар ұйымдастырылғаны атап өтілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу