ҚР Үкіметінің отырысы, 21.01.2026

Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында сөйлеген сөзінің қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді. Жиында Премьер-министрдің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Аида Балаева, Энергетика, Көлік, Су ресурстары және ирригация министрлері, сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндама жасады.

Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар қуатты және табысты жобаларды ұйымдастыруда және құруда белсенді рөл атқаратын болатынын айтты. Мәселен, экономикалық өсудің проактивті саясатын жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтілді. Биыл холдингті 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қаржыландыруды ескере отырып экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Басты екпін экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамытуға жасалады.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібін егжей-тегжейлі реттеуге қатысты жұмыстарды жүргізеді. Сондай-ақ нормативтік актілерге қажетті өзгерістер енгізіліп, көрнекі нұсқаулықтар дайындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік рәміздерге ерекше құрмет көрсететін азаматтарды қосымша ынталандыру шаралары әзірленеді», — деді Аида Балаева.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтің сөзінше, теміржол инфрақұрылымы ауқымды дамуда. Бүгінгі таңда Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол құрылысы жалғасуда. Алтынкөл – Жетіген, Жезқазған – Сексеуіл учаскелер жаңартылуда. Нысандардың құрылысы биыл бітеді. Сонымен қатар вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары жалғасатын болады. Автожолдар бойынша барлық ірі жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асырылады.

ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және бекіту қажеттігі туралы айтқан тапсырмасын ведомство орындауға кіріскенін баяндады. Министрдің сөзінше бұл жоспарға шамамен 7,6 ГВт көмір генерациялау жобалары енгізілетін болады. Экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, «таза көмір» технологиялар негізіндегі жаңа көмір генерациясының жобаларына ерекше назар аударылады.

Солтүстік Арал теңізінің ауданын 34 км³-ге дейін, ал оның аумағын 4-5 жыл ішінде 3 913 шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда. Президенттің Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмаларын орындау шеңберінде теңізді сақтау жөніндегі шаралар туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин «Деректерді өңдеу орталығының алқабы» жобасын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Вице-министр Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы аясында Мемлекет басшысы бұл жобаны орынды бастама ретінде бағалағанын атап өтті.

Премьер-министр білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру тетігін реформалау, жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мораторий енгізуді және Оқу-ағарту министрлігіне бір ай ішінде жекеменшік оқу орындарына лицензиядан кейінгі бақылау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы Үкіметтің шешімін қолдады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу