ҚР Үкіметінің отырысы, 25.08.2026

25 тамыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті.

  • Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы мақұлданды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.
  • Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өз баяндамасында отырыстың күн тәртібіне 2027-2029 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы енгізілгенін хабарлады. Болжам әлемдік экономика және сыртқы нарықтардағы конъюнктура бойынша болжамдарды ескере отырып қалыптастырылды. Халықаралық валюта қорының шілде айындағы жаңартылған болжамына сәйкес 2027 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3,4%-ды құрайды.
  • 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы қаржы министрі Мәди Такиев баяндады. Оның айтуынша, бюджетті қалыптастырудың маңызды ерекшелігі, шығыстардың өсуін қамтамасыз ету ғана емес, ресурстарды ең алдымен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адами капиталды дамытуға бағыттай отырып, бюджет қаражатының әрбір теңгесінен қайтарымды арттыру болды.
  • Премьер-министр Олжас Бектенов барлық мемлекеттік органдарға еліміздің белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеті – жұмсалған әрбір теңгеден түсетін табысты арттыру, ресурстарды мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, экономиканы, өңірлерді және адам капиталын дамытуға бағыттай отырып, қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды.
  • Сонымен қатар Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев энергия көздері мен жылу желілерінің дайындығы, көмірмен қамтамасыз ету, әлеуметтік сала, ТКШ және инженерлік инфрақұрылым нысандарын дайындау туралы баяндады. Премьер-министр жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталуы тиіс екенін атап өтіп, осыған байланысты жауапты министрліктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу