26 Ақпан 2025, 18:46
26 ақпанда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Онда әділет органдарын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.
Ерлан Сәрсембаев робот сот орындаушысы арқылы оңайлатылған іс жүргізуді одан әрі дамыту жалғасатынын атап өтті. Робот арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін кеңейту жоспарланған. Бұл азаматтардың қаржысын үнемдеуді арттырады.
Бұдан бөлек, «Цифрлық ассистент» енгізе отырып, «Өндіріп алушы мен борышкердің жеке кабинеті» пысықталады. Ассистент істің орындалу барысын толық көрсететін болады. Ал өндіріп алушы мен борышкер сот орындаушының қабылдаған және қабылдауы тиіс шарасын көре алады.
Осы платформада тараптар сот орындаушының әрекетімен немесе әрекетсіздігімен келіспеген жағдайда шағымдана алады.
Сондай-ақ ұсыну мерзімі өтуіне байланысты кері қайтарылған атқарушылық құжаттар бойынша мүлікке салынған тыйымды, елден шығуға уақытша шектеуді, борышкерлер тізілімінен шығаруды уақтылы орындамау мәселесін автоматтандыру арқылы шешу жоспарланып отыр.
Жаслан Мәдиев қазіргі уақытта Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтің 94 түрін көрсететінін мәлімдеді. Оның 84-і немесе 90%-ы онлайн форматта қолжетімді. 2024 жылы 14 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, олардың 87%-ы электронды форматта ұсынылған. Оның айтуынша, реинжиниринг шеңберінде 61 бизнес-үдерісті оңтайландыру іске асырылды. Осының арқасында сот шешімдерін орындауға, заңгер кеңесін беруге және сараптама жүргізуге байланысты үдерістерді жаңғыртуға қол жеткізілді.
Премьер-министр цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқартуды тапсырды. Сонымен қатар Олжас Бектенов Әділет министрлігіне атқару құжаттарының оңайлатылған тәртіппен орындауға болатын тізбесін кеңейтуді тапсырды, бұл – сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу