26 Тамыз 2025, 17:22
26 тамызда Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Онда Қазақстан Республикасының 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасады.
Вице-премьер Серік Жұманғарин әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылғанын атап өтті. Келтірілген деректер бойынша 2026-2028 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық нақты өсімі 5,3%-ды құрайды. Бұл ретте номиналды Жалпы ішкі өнім 2026 жылы 183,8 трлн теңгеге, 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге жетеді.
Қаржы министрі Мәди Такиев «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды. Жоба еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген. Министрдің айтуынша, 2026 жылғы түсімдер 27,6 трлн теңгені құрайды, бұл биылғы жоспармен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық, ал 2028 жылға қарай 29,7 трлн теңгеге дейін өседі.
Премьер-министр ұсынылған заң жобалары толығымен теңдестірілген және Президент қойған міндеттерге жауап беретінін атап өтті. Негізгі басымдық экономиканы ынталандыру деп аталды: инфрақұрылымдық жобаларды қоса алғанда, осы мақсаттарға жұмсалатын шығыстар сапалы өсуді және халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бір жарым есеге жуық өседі.
Сондай-ақ Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Онда энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады.
Энергетика министрінің мәліметінше, электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы стансалардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы стансалардың 73%-ы жөнделген. Жылумен жабдықтау желілерінде 323 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жұмыстың 215 шақырымы немесе 66%-ы орындалды.
Ерсайын Нағаспаев әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығы 90%-дан асатынын баяндады. Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары жоспардан 83%-ын құрайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық мәселелері әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетіп отырғанын атап өтті. Жиын соңында Премьер-министр тиісті министрліктер мен өңір әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу