ҚР Үкіметінің отырысы, 27.01.2026

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде 2026–2030 жылдарға аналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы және туризмді дамыту мәселесі қаралды. Жиында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ішкі істер министрі Ержан Сәденов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Kazakh Tourism компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов баяндама жасады. Сондай-ақ Абай, Жетісу, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Халықаралық туристерді тарту және заңнамалық қолдау – Президенттің саланың даму қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға басты негіз. Үкімет отырысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қорытындылары мен жоспарлары туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады.

«Көлік саласы туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Ол өңірлердегі туристік дестинациялардың қолжетімділігін арттырып, туристердің еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Мәселен, Автомобиль жолдары бойынша тоқталсам, бүгінде негізгі туристік аймақтарға көлік қолжетімділігін арттыру үшін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Рахман қайнарлары, Бейнеу – Сексеуіл, Сарыағаш қаласын айналып өтетін жол, Орталық – Батыс және Қызылорда – Қарағанды бағыттары қамтылған», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Олжас Бектенов мәселелерді шешу үшін Жедел үйлестіру кеңесін құруды тапсырды. Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.

2026–2030 жылдарға аналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы

Өз кезегінде оқу-ағарту министрі Тұжырымдаманы таныстырып өтті.

«Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.

Оның айтуынша профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66%-ға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген.

ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ішкі істер органдары жүйесінде осы жыл «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» тақырыбы аясында өтетіні атап өтілді. Осыған байланысты арнайы ведомстволық жоспар әзірленді. Министрдің сөзінше негізгі назар – балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылды. Осы салада заңнама дамып келеді. Балаларға қатыгездікпен қарағаны үшін жауапкершілік күшейтілді.

1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты Премьер-министр Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту, Мәдениет, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Туризм және Ішкі істер министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 30 қаңтарына дейін ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындауды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу