27 Мамыр 2025, 16:30
27 мамыр күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Онда энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, отын жеткізу және инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов ұлттық энергетикалық жүйенің жұмысы туралы, «Самұрық-Энерго» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.
Премьер-министр биыл жылыту маусымы қалыпты деңгейде өткенін, ал қыста технологиялық бұзушылықтар саны 10%-ға төмендегенін атап өтті. Қабылданған шаралар жылу стансаларын жаңғырту жұмыстарын қаржыландыруды 44%-ға, жылу желілеріне шамамен 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов сөйлеген сөзінде 2024-2025 жылдардың күзгі-қысқы жылыту маусымы тұрақты және ірі технологиялық бұзушылықтарсыз өткенін айтты.
«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында энергетикалық инфрақұрылым нысандарындағы жабдықтардың тозуы 40%-ға дейін төмендейді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өткен жылыту кезеңінің қорытындылары және алдағы маусымға дайындық туралы баяндап, өткен жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың жоспарланған қажеттілігі шамамен 7,9 млн тонна көмірді құрағанын атап өтті.
Республика бойынша жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 137 мың шақырымды құрайды. Ең көп тозған инженерлік желілер Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Абай және Ұлытау өңірлерінде орналасқан.
Премьер-министр осы айда Астана, Көкшетау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғырту үшін резервтен 25 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. Олжас Бектенов Үкімет бұл қаражаттың тиімді жұмсалуын және одан алынған нәтижені бақылайтынын атап өтті.
Өңір әкімдіктеріне барлық конкурстық рәсімдерді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісу қажеттігі жүктелді. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет.
Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырылды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу