ҚР Үкіметінің отырысы, 29.04.2025

29 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы, сондай-ақ құрылыс саласын цифрландыру және қала құрылысы кадастры мәселесі қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун баяндама жасады.

Денсаулық сақтау министрі ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қызметімен қамту үшін 655 нысанның құрылысы жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде 260 медициналық пункт, 235 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бүгінгі күні 467 МСАК нысандарының құрылысы толық аяқталды. 175 нысан бұрын медициналық ғимараттармен қамтылмаған ауылдарда, ал 292 нысан ескірген және бейімделген үй-жайлардың орнына салынған. Осылайша, 80 мыңнан астам отандасымыз қосымша медициналық көмекке қол жеткізді. Бұл шаралар ауыл тұрғындары үшін 456 қосымша күндізгі стационар төсек-орнын орналастыруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, бұл ауылдардың тұрғындары үшін 174 медицина қызметкері дайындалып, елді мекендерге жіберілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс нысандарының өмірлік циклін қамтитын бірыңғай цифрлық экожүйені құру үшін құрылыс саласын, жоспарлау және жобалау кезеңінен бастап пайдалануға беру, кейіннен қайта өңдеуге дейін ауқымды цифрлық трансформациялауды жүзеге асыру жұмыстары жүргізіп жатыр. Порталда бірыңғай терезе қағидаты бойынша қажетті қызметтерді алу кезінде салалық жүйелерге жіксіз көшу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бастапқы кезең – «жоспарлау», мұнда мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесі шешуші рөл атқарады. Ол цифрлық бас жоспарларды, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын және кезекші жоспарларды жинауға, өңдеуге және сақтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құрылыс мониторингі шеңберінде министрлік жасанды интеллекті пайдалана отырып, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының іске асырылуын бақылаудан кейінгі технологияны пилоттау жөніндегі жұмысты жоспарлап отыр.

Дмитрий Мун құрылыс саласындағы қызметтер реинжинирингі туралы баяндады. Ол құрылыс саласы мен қала құрылысы кадастрын цифрлық трансформациялау аясында екі негізгі мақсат қойылатынын атап өтті: құрылыс пен қала құрылысы кадастрының тиімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ деректердің ашықтығы мен сапасын жақсарту. Бұл салаға технологиялық даму, ашықтық және тәуекелдерге төзімділік тұрғысынан серпін береді. Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 129 қызметті және олардың кіші түрлерін көрсетеді, 2024 жылы 6 млн миллион қызмет көрсетілді, оның 96%-ы электрондық форматта.

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне биыл құрылысы аяқталуы жоспарланып отырған 188 медициналық нысанның салыну барысына апта сайын мониторинг жүргізуді және ауруханаларды жаңғырту жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Заманауи медициналық құралдарды уақтылы сатып алу және нысандарды жабдықтау бойынша қажетті шараларды қабылдау қажеттігі атап өтілді.

Цифрлық даму, өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне құрылыс саласындағы ЖИ-модульдердің ауқымын кеңейту бойынша шешімдер әзірлеу тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу