31 Наурыз 2026, 19:00
31 наурыз күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. Әртүрлі салаларда инновацияларды дамыту мәселелері қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады.
Саясат Нұрбек елімізде инженерлік білім берудің жаңа моделі және халықаралық ғылыми тағылымдамалардың дамып жатқанын айтты. Сонымен қатар институционалдық орта күшейтілуде. Мәселен, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды, Ғылым академиясының рөлі күшейтілуде, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.
Инфрақұрылым шеңберінде қазір 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар қаржылық мүмкіндіктер кеңейтілуде. Ғылымды қаржыландыруға өндірісті тарту үшін салықтық ынталандырулар енгізілді, арнайы жаңа заң қабылданып, жаңа модельмен эндаумент-қор құрылды, оған қазіргі таңда 2 млрд теңге тартылды, әрі қарай бір ғана компания Alageum Electric өз капиталынан кезең-кезеңімен 10 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл экожүйенің оқшау емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимылда қалыптасып жатқаны ерекше маңызды.
Жаслан Мәдиев Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі салалық инновацияларды дамыту аясында төрт негізгі бағыт бойынша үйлестірілгенін айтты. Олар – өнімді инновацияларды ынталандыру, жер қойнауын пайдалану саласына инновациялық шешімдерді енгізу, Astana Hub платформасы арқылы инновациялық экожүйені дамыту және инновацияларды тарту орталығы ретінде экспоненциалды кластерді қалыптастыру.
Astana Hub инновациялық жəне технологиялық кəсіпкерлікті дамытуда негізгі институт болып қала береді. Бұл бағыттағы маңызды құралдардың бірі – акселерациялық бағдарламалар. Жасанды интеллект саласындағы стартаптарды идеядан бастап MVP əзірлеуге жəне алғашқы инвестицияларды тартуға дейін қолдауға бағытталған AI’preneurs бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама 2024 жылғы қыркүйектен бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 3 лек өткізіліп, жасанды интеллект саласында 35 ЖИ-стартап құрылды.
Астана қаласының əкімдігімен бірлесіп Astana Innovations Accelerator бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама стартаптарды қалалық ортада пилоттық түрде енгізуге жəне оларды кейін коммерциялық келісімшарттарға шығаруға бағытталған. Іріктеу қорытындысы бойынша 8 стартап қаржыландыру алды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Astana Hub резиденттері 32,5 мыңнан астам жұмыс орнын құрды. 537 компания IT-қызметтерді әлемнің 111 еліне экспорттайды. Экспорттың жалпы көлемі 328 млрд теңгеге жетті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 44%-ға жоғары.
Ерсайын Нағаспаев инновацияны дамыту мен технологиялық жаңғырту – өнеркәсіп саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң цифрлық трансформация, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды жаңғырту үшін инвестиция тартуға басымдық береді. Бұл шараларды жүзеге асырып, нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібінде кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығындары 2021 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп, 1,9 трлн теңгеге жетті.
Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде өңірлік ғылымды дамыту үшін құқықтық және бюджеттік база құрылғанын атап өтті. Ғылыми жетістіктер көрсеткіші аймақтарды дамыту жоспарларына енгізілді. Премьер-министр оны, сондай-ақ облыстармен қатар әкімдердің де рейтингтеріне қосуды тапсырды. Жуырда қабылданған Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру тұжырымдамасы технологиялар мен инновациялардың дамуына тың серпін береді. Олардың қатарында Курчатовтағы ғылыми қалашық, сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты мен Астанадағы «Назарбаев университеті» базасындағы екі технологиялық парк бар.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу