ҚР Үкіметінің отырысы, 08.04.2025

8 сәуір күні Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

Туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артық.

Ербол Мырзабосынов елімізге 15,3 шетелдік қонақ келгенін атап өтті. Бұл жерде жұмысқа немесе тұрақты тұруға келгендер есепке алынбағанын ескеру керек. Оның ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізді. Олар шетелдік туристер қатарына жатады. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтардың барлығы дерлік туристер есебіне алынады. Өйткені олар келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсер береді.

Сондай-ақ министр туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетінін хабарлады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет.

Ол фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығы берілетінін айтты. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев цифрлық трансформация мақсатында 47 бизнес-үдеріске реинжиниринг жүргізілгенін айтты. Соның нәтижесінде саланың негізгі мәселелері анықталды. Бұл – цифрлық деректердің бірыңғай базасының болмауы, қолдаудың тиімсіз бөлінуі және туристік қызметтерді заңсыз көрсетушілердің болуы. Мәселелерді шешу үшін Туризм және спорт министрлігі цифрлық платформаны әзірлеуде. Ол процестерді автоматтандырады және шешім қабылдауда адам факторының әсерін азайтады.Сондай-ақ туроператорлардың бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады. Бұл азаматтарға саяхатты сатып алудан бұрын қызметтердің заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді.

Премьер-министр Туризм және спорт министрлігіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, үш ай мерзімде туризмнің бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырды.

Олжас Бектенов курорттық аймақтар мен табиғи парктердің бас жоспарларын цифрландыруға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық туристік порталға кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтарды әуежайларда, вокзалдар мен шекара бекеттерінде, туристер көп жиналатын жерлерде орналастыру қажеттігі атап өтілді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу