Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2017 жылы экспорт өсімі 30% құрады — Ж. Қасымбек

02 мамыр 2018, 16:10
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экспорттық саясат және экспорттаушыларды қолдау шаралары қаралды.

2017 жылы бекітілген Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, аталған стратегияның басты міндеті — 2022 жылға қарай шикізаттық емес экспортты бір жарым есеге ұлғайту.

Ж. Қасымбек 2013–2017 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы экспорт көлеміндегі өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі 23%-тен 32%-ке дейін өскенін айтты.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 25%-ке артып, $69,5 млрд жетті. Экспорт 30%-ке өсіп, $48,3 млрд құрады.

«Биыл экспорттың оң қарқыны сақталып келеді. 2018 жылдың 2 айында шұғыл деректер бойынша экспорт $8,8 млрд асты. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27,4%-ке жоғары», — деді министр Ж. Қасымбек.

Тауарлар экспортының географиясына 122 ел кіреді. Тауарларды өткізудің негізгі нарықтары — ҚХР, ЕАЭО елдері және ЕО елдері. Экспортты ілгерілету үшін мемлекет қаржылай және сервистік көмек көрсетуде. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылай қолдау, 400-ден астам экспорттаушы сервистік қолдау алады. Экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсету аясында 2010–2017 жылдары $2 млрд астам сомаға 1 800 өндіруші экспорттық келісімшарт жасасты. 204 экспорттаушының 1,6 млрд теңге көлеміндегі шығыны өтелді.

2017 жылы сыртқы нарыққа сегіз жаңа өнім шығарылды. Сыртқы нарықтарға 7-8 жаңа өнім шығару бойынша 2015 жылдан бері тұрақты тенденция сақталып келеді.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов экспорттың өсуімен бірге тауарлардың желісі кеңейтілгенін — тұрмыстық техника, автобустар, металл бұйымдары, құрылыс құралдары, өсімдік майлары, қант, қағаз және басқа да өнімдерді сыртқы нарықтарға жеткізу ұлғайғанын атап өтті (осы тауарлардың экспорты $1,5 млрд құрады).

Бүгінгі күні 27 елдің нарықтары басым нарықтар ретінде белгіленген. Критерийлер дайын тауарды экспорттау туралы шешім қабылданған кезде көлік шығындары мәселелері шешуші болып табылатыны ескеріле отырып, географиялық жақындық, көлік қолжетімділігі тұрғысынан таңдалды.

Сондай-ақ, ұлттық экономика министрі бүгінгі таңда Қазақстан ТМД елдері арасында жасалған Еркін сауда аймағы туралы шартқа, сондай-ақ Сербиямен Еркін сауда туралы екіжақты келісімге қатысушы екенін айтты. Бұл келісімдер елдер арасындағы бажсыз сауданы реттейді.

2015 жылы Қазақстан мен ЕАЭО елдері Вьетнаммен Еркін сауда туралы келісімге қол қойды.

Астанада биыл 17 мамырда жыл сайынғы Астана экономикалық форумы алаңында Иранмен Еркін сауда аймағы туралы уақытша келісімге (үш жыл мерзімге) қол қою жоспарланып отыр. Бұдан өзге, қазіргі таңда Үндістан, Мысыр, Израиль, Сингапурмен еркін сауда туралы келісімдер жасасу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Осындай келісімдердің жасалуы отандық кәсіпкерлерге сыртқы нарықтарға экспорттық жеткізілімді арттыруға, сондай-ақ экспорт құрылымын әртараптандыру үшін қолайлы мүмкіндіктер ашады», — деді Т. Сүлейменов.

Жалпы алғанда, еркін сауда аймағы туралы келісімдер жасалған елдер бойынша шикізаттық емес экспорттың оң динамикасы байқалуда.

Т. Сүлейменовтың айтуынша, кедендік реттеу бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатыр. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік реттеу саласындағы негізгі құжаттар күшіне енді: ЕАЭО Кеден кодексі және «ҚР-ның кедендік реттеу туралы» кодексі. Кедендік заңнамадағы өзгерістердің нәтижесінде электронды түрде ұсынылған құжаттардың саны үштен (инвойс, жүкқұжат, тауарларға арналған декларация) бір құжатқа (тауарларға арналған декларация) дейін қысқарды.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кедендік орган қызметкерінің қатысуынсыз толық электрондық мағлұмдауды және тауарларға декларация шығаруды қамтамасыз ететін, шығарылымы бір минуттан аз уақытты қажет ететін «Астана-1» экспорттау рәсімі бойынша ақпараттық жүйесі іске қосылды.

«Осылайша, экспортты ілгерілетудің қазіргі жүйесі тұтастай әлемдік тәжірибеге және ДСҰ-ның талаптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар, ресурстардың қолжетімділігінің жоғары деңгейі, салыстырмалы түрде арзан білікті жұмыс күшінің болуы, географиялық орналасуы, аймақтық интеграциялық үдерістерге қатысу қазақстандық экспорттаушылар үшін бәсекелестік артықшылықты қамтамасыз етеді», — деді ұлттық экономика министрі.

Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы және Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерліктің экспортқа бағдарланған субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің бір бөлігін субсидиялау, несиелер бойынша ішінара кепілдеме беру, сондай-ақ жетіспейтін инфрақұрылымды құру сияқты қолдау шаралары көзделген. 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 9,80 млрд теңге сомасына 498 жоба (іске асырылу кезеңінен бастап 11 684 жоба) субсидияланған.

«Мемлекеттік қолдаудың аталған түрлері отандық өндірушілерге қолайлы жағдайлар жасау және өндірілетін тауарлардың өзіндік құнын төмендетуге бағытталған, бұл өз кезегінде қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарда бәсеке қабілеттігін арттырады. Қазіргі жағдайда Қазақстан инвесторлар мен қызмет алушылар үшін қамтамасыз ететін негізгі факторлар – тұрақтылық пен қауіпсіздік», — деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев өз баяндамасында АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемін ұлғайту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

«2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 12,5%-ке, оның ішінде өңдеу өнімдері 10,7%-ке артты», — деді Арман Евниев.

Оның айтуынша, бұған Қытаймен, Таяу Шығыс елдерімен, сондай-ақ Еуропа елдерімен ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарды келісу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ықпал етті.

Анықтама: Экспорттың негізгі көлемі бидайдан, ұннан, майлы дақылдардан, арпадан, өсімдік майынан, мақта талшығынан, бұршақ дақылдарынан тұрады. Негізгі өткізу нарықтары — Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Түркия, Италия, Латвия елдері.

Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының таралу аймағы кеңеюде. Қазіргі кезде Қытай нарығы балық өндірісіне, қой шаруашылығына, ара шаруашылығына және жылқыға, сондай-ақ бидайға, кебек пен соя бұршағына ашық.

Нәтижесінде ҚХР-ға шығарылатын АӨК өнімдерінің экспорты 34,3%-ке өсті. 2017 жылы ҚХР-ға алғаш рет $3,1 млн сомасына 7,7 мың тонна соя бұршағы, сондай-ақ $190 мың сомасына 228 бас асыл тұқымды жылқының алғашқы партиясы экспортталды. Мұздатылған балықтың, өсімдік майы мен майлы дақылдардың экспорты орта есеппен 3,1 есеге артты.

Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізу бойынша кедергілер жойылды. Нәтижесінде, 2017 жылы Иранға алғаш рет 4763 бас тірі қой және 509,8 тонна қой еті экспортталды.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал және ұсақ мал жеткізуге қойылған шектеу алынды. Бұдан өзге, БАӘ ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқаларын және ұй құсының етін жеткізудегі кедергілер жойылды. Нәтижесінде, 2017 жылы Әмірліктерге алғаш рет 34,2 тонна мұздатылған сиыр еті және 24,1 тонна қой еті экспортталды.

А. Евниевтің айтуынша, бүгінгі таңда өткізу нарықтарына талдау жүргізілуде, оның негізінде импорттаушы елдердің талаптарын көрсете отырып, Экспорттық нарықтардың және өнімдердің тізілімін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, кедергілерді алу және импорттаушы елдердің ветеринарлық және фитосанитарлық талаптарын келісу бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, отырыста «“KazakhExport” экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ысқақов сөз сөйледі. Ол KazakhExport ұлттық экспорттық стратегиясы аясында ҚР ИДМ-мен бірлесіп «Бәйтерек» холдингімен келесі заңнамалық актілерге: Бюджеттік кодекске — мемлекеттік кепілдемелер мен кепілдендіру тетіктері тұрғысынан, Кәсіпкерлік кодексіне — экспорттық несиелендіруде субсидиялау тетігін енгізу туралы бірқатар өзгерістер әзірленгенін айтты. 

Руслан Ысқақов Digital Baiterek цифрлық платформасында экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін «бірыңғай терезе» қағидасы бойынша бірыңғай портал әзірленгенін мәлімдеді. Портал аясында KazakhExport-тың 5 қолдау шарасы ұсынылған. Сондай-ақ, ҰКП бірлесіп экспорттаушыларды қолдау шаралары туралы өңірлерді хабарландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірлердегі қазіргі жағдай мен экспортты ұлғайту бойынша жоспардағы шаралар туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Алматы облысының әкімі А. Баталов баяндады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев экспортта оң қарқын байқалатынын атап өтті. Атап айтқанда, 800 позиция бойынша тауарлар 122 елге экспортталуда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша экспорт өсімі 30% құраған.

Сондай-ақ, Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Инвестициялар және даму министрлігіне осы жылдың мамыр айында Жол картасын дайындап, Экспорттық саясат жөніндегі кеңестің келесі отырысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру тапсырылды.

Бұдан өзге, қазақстандық экспорттаушылардың басқа елдермен еркін сауда туралы екіжақты келісімдерде көрсетілген жеңілдіктерді қаншалықты тиімді пайдаланатынын талдау керек.

«Бір жыл ішінде қаржылық қолдауды тек 40 экспорттаушы компания пайдаланды. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктерімізге байланысты. Дегенмен, сараптама жүргізу қажет. Мәселен, әрбір 1 теңгеге экспорттық келісімшарт бойынша қызмет көрсету компаниясы 50 теңге алады. Бұл үлкен көрсеткіш. Әр теңгенің пайда әкелетінін көріп отырмыз. Сондықтан да осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет», — деді Премьер-Министр.

Бақылау жұмыстары Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз