Асқар Мырзахметов университет профессорларымен аграрлық ғылымның даму перспективаларын талқылады

13 ақпан 2017, 18:42
Фото: primeminister.kz

Бүгін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқу ордасының жұмысымен танысу мақсатымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов барып қайтты.  

Қазақстан халқына арналған Жолдауында Мемлекет басшысы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдына өндіріс сұранысына қажетті аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестиция тарту көлемін арттыруды тапсырды.

Оқу ордасының жұмысымен танысу барысында А. Мырзахметов оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерімен кездесіп, Қазақстанда аграрлық ғылымның даму перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ, Премьер-Министр орынбасары Қазақстан – Белорусь инженер мамандарды қайта дайындау орталығының трактор павильонында, Қазақстан - Германия дәл егіншілік орталығында, жем дайындауды механикаландыру және агроинженерия, астық жинайтын комбайндар зертханасында және де ет пен сүт өңдейтін оқу-тәжірибелік цехында болды.

Құзырлы қонақтар көптілді оқыту тобының сабағына кіріп, Қазақстан - Белорусь орталығы жобасы бойынша Белорусь мемлекеттік агротехникалық университетінде оқып жатқан студенттермен онлайн режимде сұхбаттасу сәтіне куә болды. Мұндай әңгімелесулер мен дәрістер арнайы жабдықталған аудиторияларда тұрақты түрде өтіп тұрады және де университеттер арасында өзара білім алмасу үрдісін қамтамасыз етеді.

Басқарма төрағасы А. Күрішбаев ҚазАТУ-ды заманауи аграрлық ғылыми-зерттеу университетіне ауыстыру бағытында атқарылған жұмыс нәтижелері мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми жетістіктерін жеткізді. Сонымен қатар, оқу орнының ауыл шаруашылығы саласындағы №1 ғылыми-зерттеу университеті Дэвистегі (АҚШ) Калифорния университетімен жемісті еңбек етіп жатқанын атап өтті. Дэвис университеті Чили, Малайзия, Қытай т.б. елдердің аграрлық білім беру жүйесі мен ғылымын өзгертуде сәтті тәжірибе жинақтаған. Енді оның жетекші профессорлары Қазақстанда жұмыс істеп, жоғары оқу орнының басқару жүйесін, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін өзгертуге көмектесуде.

1/3
А.Мырзахметов обсудил с профессорами университета перспективы развития аграрной науки
2/3
А.Мырзахметов обсудил с профессорами университета перспективы развития аграрной науки
3/3
А.Мырзахметов обсудил с профессорами университета перспективы развития аграрной науки