ҚР Энергетика министрлігі: ЖЭК пайдалану – Қазақстан энергетикасын дамытудағы маңызды бағыт

21 маусым 2017, 13:15

Бүгін Үкіметте ҚР Энергетика министрлігі, қаржы институттары және инвесторлар арасында қол қойылған келісімдер жаңғыртылатын энергия көздері (ЖЭК) саласын одан әрі дамыту үшін негіз болмақ. Бұл туралы қол қою рәсімінің қорытындысы бойынша ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.  

Қ. Бозымбаевтың мәліметінше, таяу 2-3 жылда жалпы қуаты шамамен 500 МВт болатын ЖЭК бойынша жобалар қаржыландырылады.

«Еуропа қайта құру және даму банкімен Жаһандық климаттық қорының қаражаты есебінен Қазақстанда күн жел станцияларын салуға 200 млн доллар бөлу туралы шектелмелі келісімге қол қойдық. Соның есебінен өзге қаржы институттарынан қосымша 480 млн доллар тартуға болады», – деді министр.

United Green мен «Байқоңыр Солар» компаниялары бүгін Еуропа қайта құру және даму банкімен Қызылорда облысында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясын салу бойынша Мандаттық хатқа қол қойды. Бұдан өзге, «ЦАТЭК Green Energy» ЖШС, Қазақстанның Даму банкі және «ҚДБ-Лизинг» АҚ арасында Ақмола облысында қуаты 100 МВт болатын «Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясының құрылысы» жобасын қаржыландыру туралы Келісімге қол қойылды.

Министр сондай-ақ өткен аптада Министрлік конференция аясында ҚР Энергетика министрлігі, Еуропа қайта құру және даму банкі және United Green компаниясы арасында «Бурное солар» күн электр станциясын кеңейту бойынша ынтымақтастық және қолдау туралы Келісімге қол қойылғанын еске салды.

«Осылайша, бүгін біз орта есеппен алғанда 700 МВт жаңғыртылатын қуат болатын келісімдерге қол қойдық. Қазақстанда соңғы жылдары 300 МВт ЖЭК енгіздік. Оның ішінде соңғы жылы – 150 мегаваттқа. Осы келісімдердің бәрін іске асыруымыз керек. 2020 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің қуатын тұтынатын электр энергиясының жалпы көлемінің 3% дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл көрсеткіш «Жасыл» экономиканы дамыту тұжырымдамасында бекітілген», – деп түйіндеді Қ. Бозымбаев. 

Өз кезегінде, Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Агрис Прейманис ЖЭК саласында іске асырылатын жобаларды қолдау туралы хабарлады.

«Қазақстан үшін «жасыл экономиканы» дамыту экологиямен ғана емес, сондай-ақ бәсекеге қабілеттілік мәселелерімен де байланысты, оны арттыруға ЖЭК саласына тартылатын инвестициялар септігін тигізеді», - деп баса айтты А. Прейманис.