ҚР Үкіметінің отырысы, 06.11.2019

6 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Отырыста «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және 2025 жылға дейінгі жобасы мәселелері, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру барысы, ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.

— «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы және бизнесті қолдаудың 2025 жылға дейінгі жаңа тәсілдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, бизнес жүргізу негіздеріне оқыту және кәсіпкерлерге ақыл-кеңес беру туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баяндады.

— «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр, өңірлердегі жағдай туралы Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев баяндады.

— Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының жобасы  туралы әділет вице-министрі Н. Пан баяндама жасады.

— Мәселелерді қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтсақ, Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне осы жылдың қараша айының соңына дейін «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының қабылдануын қамтамасыз етуді, 2019 жылдың соңына дейін қажетті нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын қамтамасыз етуді, «Атамекен» ҰКП және «Даму» АҚ-мен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында жаңа Бағдарламаның тәсілдері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

— Сондай-ақ, Үкімет басшысы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыруды ұлғайту туралы ұсыныстарды енгізуді, жылдар бойынша топтастырып және қажетті қаржыландыру көлемімен тірек және спутниктік ауылдық елді мекендердің тізімін қайта қарауды, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл – ел бесігі» жобасын дайындауды тапсырды.

— Әділет министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, енгізіліп жатқан заң жобаларының сапасына ерекше назар аудару тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу